Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 28 Наурыз 2019 10:44

Салт-дәстүрлер дәріптелді

Салт-дәстүрлер дәріптелді mezet.kz

Көктөбе орта мектебінің кітапханасында Ұлыстың ұлы күніне арналған ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген шара ұйымдастырылды. Мақсаты – оқушылардың  ой-сезімін  қалыптастырып, адамгершілік рухта тәрбие беруге  атсалысу. Оқушыларды елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтеуге баулу. Мектеп кітапханашылары Баян Жатқанбаева мен  Майраш Мерзагулова өткізген шарадан оқушылар танымдарын кеңейтіп, сұрақтарына жауаптарын алды. Концерт ұйымдастырылып, салт-дәстүрлер көрсетілді. 

Венера Мундиярова,

қазақ тілі пәнінің мұғалімі.

 

Қ.Ұлтарақов ауылында Наурыз тойы тойланды. Әр мекеме қазақ үй тігіп, «Ұлыстың ұлы күні қазан толса, сол күні ақ мол болар» деген ниетпен  наурыз көже пісірілді.

Тұрғындар мәре-сәре болып, жасы да, үлкені де наурыз көжеден дәм татты. Қ.Ұлтарақов ауылдық округінің әкімі Ертай  Сұлтанәліұлы, орынбасары Қуат Бекешұлы, «Қызғалдақ» бөбек-жәй балабақшасының меңгерушісі Камшат Ахметбекқызы ауыл тұрғындарын ерекше мерекемен құттықтап, жаңа күннің тек жақсылықтар әкелуін тіледі. Жер-Ананың тынысы кеңейетін осынау мерейлі күні молшылық  пен берекенің куәсі болған жұртшылық мерекелік концертті тамашалап, бір серпіліп қалды.

Өз тілшіміз.

 

Табиғат ананы құлпыртып, күн мен түнді теңестірген баршаны бауыр тұтып көрістірген, адамзат баласын ізгілік пен мейірімге бөлеген Наурыз мерекесі барша қазақ елін шуаққа бөледі. Ұлыстың ұлы күні Саймасай ауылын да дүбірге бөледі.

А.Байтұрсынов атындағы мектеп ұжымы мен ауыл әкімдігі сондай-ақ, ауыл белсенділерінің қолдауымен сәулетті қазақ үйлер тігілді, қазанда көже қайнап, мерекелік дастархан жайылды. Көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Әсем әндерді әуелетіп, шарықтап күй төгілді. Мың бұралған бишілер де мерекеден қалыс қалмады. Ұлттың салт-дәстүрден таным беретін сахналық қойылымдар қойылып, тұсау кесу рәсімі өтті. мектеп ұжымының ұйытқы болуымен таң шапағынан газ-53 көлігімен Саймасай ауылының барлық көшелерін аралап, көже таратылып, мереке бастауын жасады.

Сондай-ақ, округ әкімінің қолдауымен «Қой көтеру» сайысы жүзеге асып, нәтижесінде ауыл тұрғыны  Исмаил Айдинов қойды 130 мәрте көтеріп, қанжығалады. Арқан тартыс, күрес, гір тасын көтеру сынды жарыстар да ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

 

Гүлзат ҚҰТМАМБЕТОВА,

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Read 78 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама