Сәрсенбі, 15 Шілде 2020 14:24

Әлемдік деңгейде қауіпті орындамыз

 Адамзат тарихында жер жүзіне түгел таралған аурулар аз болған жоқ. Солардың ішінде соңғы жүз жылда бүкіл әлемді дүрліктірген ірілеріне тоқталып өтсек.

Осыдан бір ғасыр артқа шегініп, тарихқа көз жүгіртсек, миллиондардың өмірін қиған «испан тұмауы» туралы біле аламыз. Ауру белгілері: беттің көгеруі – цианоз, пневмония, қанды жөтел. 1918 жылдың басынан 1920 жылға дейін жалғасқан жаман дертке бүкіл әлем тұрғындарының 30 %-ы шалдыққан. Бұл – жарты миллиардтан астам халық. Ал одан көз жұмғандар саны 100 миллионға дейін жетеді деген дерек тіркелген тарихта. Бірінші дүниежүзілік соғыс аурудың тез таралуына «жақсы жағдай» тудырды. Алғашқы 25 аптаның өзінде 25 миллион адам көз жұмды. Соғыстың соңғы айларында бастау алған аурудың құрбандары қарулы шайқастағы адам шығынынан еселеп артты. «Испан тұмауы» деген атқа ие болғанымен, бұл дерт 1918 жылдың басында Қытай жерінде кең таралған. Одан кейін Америкада анықталып, ары қарай Еуропа елдеріне, Африка мен Үндістанға да жарты жылда жеткен. Ал 1918 жылдың күзінде аурудың екінші толқыны басталады. Келесі жылдың басында жалғыз Жапонияның өзінде 20 миллион адам жұқтырып, 250 мыңы қайтыс болған. Кейбір елдерде халықтың 80 %-ына дейін ауруға шалдыққан. Тіпті бүкіл тұрғынынан айырылған ауылдар да тіркелген. Соның салдарынан қоғамдық орындар мен білім ошақтары да жыл бойы жабық тұрған. Кей жерлерде әскери режим енгізілсе, АҚШ-тың Прескотт қаласында қол беріп амандасуға тыйым салынған. Айтпақшы, Кеңес Одағы кезінде пионерлердің қолын маңдай тұсына көтеріп амандасуында да елде кеселдің кең таралуына тосқауыл қою мақсаты жатыр дейді кейбір дерек көзі. Ол кезде Ресей жеріндегі азаматтық соғыспен қатар испан тұмауы ғана емес, бөртпе сүзек сияқты ауру белең алған болатын.

Екі жылдың ішінде жер жүзін жаулаған «испан тұмауынан» тек Антарктида аман қалған екен.

1957-58 жылдар аралығында бүкіл әлемге «азия тұмауы» деген атпен тұмаудың жаңа түрі тарады. Аурудың негізгі белгілері: жөтел, дене қызуының көтерілуі, бас пен бұлшықеттің ауруы. Ары қарай пневмонияға жалғасып, науқастар бірнеше күнде-ақ көз жұмып жатты.Тұмаудың бастапқы ошағы туралы екі жорамал айтылады. Оның бірі – Қытайдың Гуйчжоу аймағында 1957 жылдың ақпанында тіркеліп, өзге өңірлерге таралған. Ал екі айдан кейін бүкіл әлемде пандемия ретінде жарияланған. Екінші тұжырымға сүйенсек, ауру 1957 жылы ақпанда Сингапурде алғаш тіркелген. Шыққан ошағы қай жер болса да, жер жүзіне таралған тұмаудың бұл түрінен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, шамамен, 2 миллион адам көз жұмған.

1961-1975 жылдар аралығында әлем жұрты тырысқақ ауруынан зардап шекті. Бұл тырысқақ ауруының жетінші рет пандемия ретінде жариялануы еді. Индонезия жерінен бастау алған тырысқақ пандемиясы бүгінге дейін жалғасуда. Әлемнің 180 еліне тараған бұл аурудан толыққанды айыққан бірде бір мемлекет жоқ.

1968-1970 жылдары жер жүзіне «гонкгонг тұмауы» тарады. Аты айтып тұрғандай, Гонконгтан бастау алған ауруға, негізінен, 65 жастан асқан қарт кісілер шалдыққан. Негізгі белгілері: дене қызуының көтерілуі, құрғақ жөтел, тамақтың бітуі, бас ауруы мен әлсіздік. Гонкгонг тұмауынан үш жылдың ішінде 4 миллионға жуық жан жарық дүниеден өтті.

1981 жылы АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының ғалымы Майкл Готлиб иммунды жүйені тереңнен зақымдайтын жаңа аурудың белгілерін сипаттап берді. 1982 жылы аталған орталық бұл ауруға ресми «Aquired Immune Deficience Syndrom» (AIDS), яғни «Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы және жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромы (АИВ/ЖИТС) деген атау берді. Сол уақыттан бері АИВ-пен күрес әлі күнге жалғасып келеді.

2002-2003 жылдары ауыр асқынған респиратор синдромы (SARS) пайда болды. Атипиялық пневмония аталған ауру Оңтүстік Қытайда басталып, аз уақыт ішінде 29 елде тіркелді. SARS атты жаңа жұмбақ коронавирус жұқтырған 8 мыңнан астам адамның 10 %-ке жуығы көз жұмды. Науқастардың көбі дем жетпей қиналып, өкпесі сұйыққа толған.

2003 жылы Вьетнам, Камбоджа, Қытай, Индонезия, Лаос, Пәкістан, Корея, Таиланд, Тайвань мен Жапония сияқты бірқатар елде «құс тұмауы» тарады. Бұл демалу жолдарына, ас қорыту жүйесіне залал келтірумен сипатталатын қауіптілігі жоғары жұқпалы ауру. Аты айтып тұрғандай, құстардан жұғатын дерт түрленуге бейім болғандықтан қауіпті инфекциялардың қатарына жатқызылады. Құс тұмауының вирусын адамдардың алғаш жұқтыруы 1997 жылы Гонконгта тіркелген. Онда вирустың Н5N1 түрімен 18 адам науқастанып, алтауы қайтыс болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2003-2008 жылдар аралығында аталған ауру түрімен 361 науқас анықталып, оның 227-сі қайтыс болған.

2009 жылдың наурыз айында алғаш «шошқа тұмауын» жұқтырғандар Мексикада тіркелді. Сол жылдың 11 маусымында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «шошқа тұмауын» (Н1N1) пандемия деп жариялады. Ал 27 тамызында вирус жұқтырғандар саны 255 716-ға жетіп, 2627 өлім тіркелген. Ауру әлемнің 140-тан астам аймағына таралған. Жалпы, пандемия кезінде 18 мыңнан астам адам шошқа тұмауынан қайтыс болды.

2019 жылдың аяғына қарай орталық Қытайда орналасқан Ухань қаласының тұрғындары түсініксіз пневмонияға шалдыға бастады. Бұл – коронавирустың жаңа түрі – SARS-CoV-2. Оның генетикалық құрылымы ауыр жіті респираторлы синдромды қоздыратын SARS-CoV вирусына 70 % ұқсайтыны белгілі болды. 2020 жылдың 27 қаңтарында Қытайдың жариялаған ресми мәліметі бойынша 2809 адам вирус жұқтырып, 11 қаңтарда алғашқы науқас көз жұмған. Содан бергі жағдайдың беталысы бәрімізге белгілі. 11 наурыз күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус COVID-19 инфекциясын «пандемия» деп жариялады. Сол күнгі жағдай бойынша аты жаман ауру әлемнің 118 еліне тарап, оны жұқтырғандардың жалпы саны 121 564 адамға жеткен. Қайтыс болғандар 4373 адамды құраған.

Ал қазіргі жағдайға көз жүгіртсек, коронавирус әлем елдеріне толық таралған. Ауырғандар саны – 13 млн 462 мың 868 адам, көз жұмғандар 581 мың 317-ге жеткен. Аурудан ең көп зардап шеккен – АҚШ-та 3 млн-нан астам, Бразилияда 2 млн, Үндістанда 1 млн-ға жуық науқас тіркелген. Өкінішке орай, Қазақстан осы тізімде 30-орында тұр, 63 мың 514 науқас тіркелген. Аурудың таралуы да, тоқтауы да тікелей өзімізге байланысты. Сақтық шараларын сақтайық, ағайын!

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Оқылды 1359 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет