Сейсенбі, 08 Желтоқсан 2020 10:55

Сайыпқыран баптаған саятшылар үздік атанды

Сайыпқыран баптаған саятшылар үздік атанды mezet.kz

«Ахау, жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, Жігіттің бұған құмар өнерпазы». Ғасырлардың қойнауынан жеткен бұл ән  біздің  Алатаудың бөкетрін әлі кезіп жүргендей. Қыраны қызыл түлкі алып, қаршығасы қарсақ ілген сонардан алған әсерміз бұл. Сырын қырына бүккен ұлы даланың қасиеті  де  осында жатса керек.

6 желтоқсанда  ауданымыздың Төле би ауылында  Қазақстан Республикасы «Қыран» федерациясы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Сонар-2020» республикалық турнирі өтті. Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, аудан  әкімі Қуанышбек Қашқымбаев, аудан әкімнің бірінші орынбасары А.Бидаев, «Қыран» федерациясының  атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, сондай-ақ ардагер спортшылар қатысты.

Саятшылық турнирінің ашылу рәсімінде сөз алған аудан басшысы   Қуанышбек Қашқымбаев: – Көне түрік ұғымы бойынша бүркіт көктің иесі, аспанның киесі. Біздің саятшылық өнеріміздің тарихы таңбалы тастар мен тарихи жыр-дастандарда жатыр. Бүгінгі егемен еліміздің мемлекеттік рәмізіндегі қыран құс – соның айғағы. Таза ауада серуендеп, сәйгүлікпен қансонарда аң қуудың өзі бір сән емес пе?! Біз саятшылық өнерді  ұлттық спорттың бір саласы ретінде дамытуға мүдделіміз. Еліміздің әр өңірінен қыран құсын түлетіп, саятшылықтың сайысына келген қатысушыларға сәттілік  тілейміз, – деді.

Обылсымыздағы ұлттық ойындардың көсегесін көгертуге дене шынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болып келеді. Бұл ретте басқарма басшысы Нұрбақыт Теңізбаев: – Құсбегілік өнері жылдан жылға қанатын кеңге жайып келеді. Осыған дейінгі саятшылық жарыстардың халықаралық деңгейде өтуі – соның дәлелі. Биыл пандемияға байланысты барыс-келіс қиындады. Сондықтан жарысқа шет елдерден құсбегілер қатыса алмады. Көрермендерге де алдын ала хабарлама таратпадық. Бірақ соған қарамастан, бүркіті мен қаршығасын, құмай тазысын баптап келген саятшылардың да, төл өнерімізді тамашалуға жиналған қонақтардың да қарасы мол. Жарыстың ойдағыдай өтуіне облыс әкімдігі тікелей қолдау көрсетіп отыр. Біз осы арқылы құсбегілік өнерді және отандық туризмді барынша насихаттауға тырысамыз, – деді.

Еліміздегі саятшылық өнердің өркендеуіне еселі еңбек етіп келе жатқан   «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, «Жалайыр Шора» құсбегілер мектебінің негізін салған белгілі этнограф Бағдат Мүптекеқызы құсбегіліктің тарихын тереңнен қозғады. Этнограф қыран баптаудың қыр-сырын әңгімелеп, оның ұлт өміріндегі  айрықша алар орнын тіліне тиек етті.

Салтанатты шарадан кейін дода басталды. Атырау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген құсбегілердің қырандары  қыр басынан қызыл түлкіге түсуге дүр сілкініп дайын тұрды. Құсбегілер бүркіттердің томағасын сыпырған  сәтте арнайы ұяшықтың есігі ашылып, орқызыл түлкі ойнап шыға берді. Қыр басынан құлдилаған қыран қызыл түлкіге төніп келеді. Бұлтаққа салған қу түлкі де бүркітті жер соқтырып кеткісі келіп жанталасады. Бабы жеткен қыраннан қу түлкі құтылсын ба? Төбесінен төніп келіп, шеңгел салды. Көз алдыңдағы  көрініс «Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады, Жеке батыр шыққандай қан майданға» деген ұлы Абайдың жыр жолдарын еріксіз еске салады. Көк еркесі жерсінбеді ме, әлде бабы келмеді ме, кей қырандар түлкіден құр қалып жатты.

Турнирде  құмай тазылар аң аулап, қаршығаларлар  қоян  іліп, дала төсі дүбірге  бөленді. Әрине,  жарыстың  өз шарты мен заңдылығына сай  бәсекеден  бәсі озғандар ғана  жүлде  алды.

Шара соңында бүркіт жарысынан атыраулық құсбегі Арман Қошқаров бірінші орын иеленіп, миллион теңгені қанжығалады. Жамбылдық Серікболсын Жалғасұлы екінші орыннан көрінді. Үшінші жүлдені жетісулық Аян Сейітжан еншіледі.

Қаршыға жарысынан бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлы, екінші орынды тараздық Серікболсын Жалғасұлы, үшінші орынды жетісулық Бексұлтан Сейітжан қанжығаларына байлады.

Сұңқар жарысы бойынша Маңғыстау облысынан келген Мерей Айшуақұлы үздік деп танылды. Ал  атыраулық Арман Қошқаровтың құмай тазысы ешкімге есе берген жоқ. Жүлдегерлер арнайы дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

 

Қазақ баласы қиқуға басқан қансонарды тамашалған кей шетелдік туристерді де  көзіміз шалды. Бұл ретте, ирландиялық  турист Бурис Гастан: –  Мен әлемнің бір қатар елдерінде саятшылық дәстүрдің барын  білемін. Кей елдер-дің  қыран құс баптаған құсбегілерін көргенмін. Бірақ сіздердегідей кемеліне келген, аса үйлесім тапқан құсбегілік өнерді көрген емеспін. Қыран құсты осындай жоғары деңгейде баптай білген өнерлеріңізге таңдай қағып, тамсанып тұрмын. Сол үшін  қыс кезінде елдеріңізге жиі келуге тырысамын, – дейді. Саятшылық  өнеріміздің  саф алтынға бергісіз  екені ақиқат.

 

Ерзат АСЫЛ

Оқылды 899 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет