Дүйсенбі, 07 Маусым 2021 15:42

Ұлы даланың рыцарі – Әжібай Найманбайұлы

 

Рыцарлық немесе бекзадалық, жалпы, мәрттік мінез-құлық көрсету ұлы дала төсінде ежелден-ақ қалыптасқан. Дегенмен, осы тұрғыдан алғанда ел басына күн туып, ерлері етігімен су кешкен тұста осындай сирек кездесетін қасиеттердің құны тіптен арта түспек. Қазақ тарихынының қаралы тұсы болып есептелетін «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында ерекше ерлігімен көзге түскен, ел арасында аты аңызға айналған Әжібай батыр Найманбайұлы туралы сөз болмақ.

XVIII ғасырдағы әлем тарихы халықтары дамудың түрлі сатысында өмір сүріп жатты. Еуропада Францияның ықпалы күшті болса, Ұлы дала елінің батысында бір жағынан орыс патшалығы жайылымдық жерлерді тарылта түссе, екінші жағынан шығысындағы Цин империясының тарапынан қысым көрсетіле бастаған еді. Қазақ хандығын Цин  империясы «Іленің батысындағы – ұлы ел» деп сипаттаған. Циндіктер қазақ хандығын ірі ел деп есептеп, оны үш санатқа таратып қараған. Олар қазақтарды географиялық және әкімшілік жүйесі бойынша «оң қанат қазақтары  (Ұлы жүз)», «сол қанат қазақтары (Орта жүз)» және  «Батыс бөліктегі қазақтар» (Кіші жүз) деп бөлген. (Нәбижан Мұхамедқанұлы Ізденіс: Тарих және замана Алматы 2014, 8-б.).

Сонымен қатар көршілес Қытайдың өктемдігімен қоса қазақтарға тікелей қысымшылық көрсеткен жоңғарлардың ықпалы ерекше болды. Дегенмен, жоңғарлар Цин империясына тәуелді болғандықтан екеуі бірдей Ұлы даланың байырғы ұрпақтарына бірлесе қауіп төндірді.

Ал қазақ тарихшысы К.Ш. Хафизованың 1972 жылы тұңғыш жарық көрген «ХVIII ғасырдың орта шеніндегі Орта Азияның кейбір халықаралық мәселелері» атты мақаласы осы мәселеге алғаш назар аударуымен ерекшеленді (К.Ш.Хафизова Некоторые вопросы международных отношений в Центральной Азии в середине XVIII века – Общество и государство в Китае. Тезисы и доклады третьей научной конференции. Москва, 1972.).

Осы кезеңге тарихшы В.А. Моисеев «Жоңғар хандығы және қазақтар XVII-XVIII ғасырларда» атты зерттеу еңбегін арнап Ұлы даладағы болған тарихи оқиғаның аса күрделі саяси қарым-қатынас болғанына ерекше көңіл бөліп, мүмкіндігінше жан-жақты зерттеуге тырысқан (Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи XVII - XVIII вв. Алматы, 1991.).

Сонымен қатар осы мәселені зерттеген В.С.Кузнецов, Б.П.Гуревич, Н.А. Алдабек еңбектерінде XVIII ғасырдың ерекшеліктерін байқауға болады (Кузнецов В.С. Казахско-китайские торговые отношения в конце XVIII веке (по китайским источникам). Вопросы истории Казахстана и Восточного Туркестана. Алма-Ата, 1962; Б.П.Гуревич Международные отношения в Центральной Азии в XVII первой половине ХIХ вв.; Н.А. Алдабек Россия и Китай: Торгово- экономические связи в Центрально-Азиатском регионе в XVII-ХIХ вв. Алматы, 2003. ).

Ұлы даладағы көптеген халықтармен бірге қазақ ұлты да осы кезеңде өзінің бытыраңқылық жағдайын басынан кешіріп жатты. Осы тұрғыдан алғанда XVIII ғасырдағы қиын жағдай қазақ ұлтының басын біріктіріп, ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы прогрессивті күреске әкелді. Бүтіндей бір халықты бірегейлікке әкелудің алғышарттары мен негізгі себептері объективті өмірден туындады. Оларды атап айтар болсақ, жан-жақтан анталаған жаудың тарапынан тынбай жүргізілген тұтқиылдан жасалған шабуыл соғыстар, барымталар нәтижесіндегі аштық, басқын-шылық қорлықтар мен азаптаулар болды. Бұл кезең қазақ ұлтының арасынан шыққан, әсіресе, тұлға дәрежесіне көтерілген азаматтар үшін сыналатын сындарлы мезгіл болды. 

Географиялық жағынан алғанда Ұлы даланың Жетісу деп аталатын жері күн шығысында Синьцзянмен шектесіп  Цин империясының  кіреберіс қақпасы іспеттес еді. Қытайшадан аударса, жаратқанның аймағы болып шығады екен. Бұл аймақ сол кездері Жоңғар хандығымен кескілескен ұрыс даласына айналды. Жетісудің жерұйығы Таушелек пен Жалаңашта, Ағанас пен Арысхан сияқты жоңғарлар емін-еркін тұрмыс кешсе, Алматыдан аса қашық емес жердегі қаланың күншығысындағы Түргенде Қорын өз билігін жүргізген еді.

1697 жылы Жоңғар билігінің басына Сенге ханның ұлы Цеван Рабдан келеді. Ол ағасы Галдан өлгеннен кейін таққа отырады. Ол Цин империясымен ашық қақтығыстан бас тартып, Жоңғар хандығын нығайтуға күш салды.Тянь-Шань қырғыздарының жерін, Шығыс Түркістанды, Саян-Алтай өңірін және Барабин даласын қоныстанған халықтарды жаулап алды (И.Я.Златкин, История Джунгарского ханства (1635-1758), Москва, 1964.). Осы тұста қазақтар қоныстанған кең далаға жорықтар жиілей түседі. Осы жорықтар сайын даладағы қазақтарды ширата түседі.

Алғаш рет қазақтарды біктіруге шақырған 1710 жылы Қарақұмда жоңғарларға қарсы біртұтас әскер құру туралы Құрылтай өтеді. 1718 жылы Аягөз шайқасы өтеді, қазақтар бірсыпыра жеңіске жетеді. Ал 1722 жылғы Қытай императоры Канси қайтыс болғаннан кейін Қытай мен Жоңғар арасындағы қатынас өзгерді. Міне, осы уақыттан бастап жоңғарлар барлық әскери күшін Ұлы далаға қарай бағыттайды. Келесі жылы олар сайын даланың қапасында тұрған қазақ жеріне баса көктеп кіреді.

Осындай ел басына күн туған қиын-қыстау жағдайлар  ұлттың біртуар жеке тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, кейде біртұтас халықты ширықтырып жаңа бір сапаға көтерері анық. Осы өңірде аттары халық санасында сақталған Хангелді, Райымбек, Малай, Қасқары, Қарасай, Наурызбай, Өтеген, Жанай, Елтінді, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш батырлар болды. Жетісу жерін негізінен мекендеп жатқан Албан  тайпасының бір руының  ұранына айналған Әжібай батырдың да тарих сахнасына шыққан кезеңі осы мезгілге тап болды.

Әжібай Найманбайұлы 1699-1778 жылдар аралығында өмір сүрген. Туған жері қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы, Таутүрген ауылының маңы. Өмір сүрген кезеңіне көз жүгіртсек, тарихи деректер мен аңыз әңгіме, әфсаналар оның  Өтеген батырмен жастары шамалас, сыйлас, сырлас, қимас дос, достықтың арты сүйек үзілмес құдалыққа ұласқанын байқау қиын емес. Кейбір деректерде Әжібай Найманбайұлы мен Өтеген Өтеғұлұлы (1699-1773) үзеңгілес жүріп соғысқа араласқан. Сондықтан да оның өмірдерегін Өтеген батырмен байланыстырап қараудың қисыны бар. Дегенмен, белгілі тарихшы Кеңес Нұрпейісұлы «Ер Әжібай» кітабының алғысөзінде Әбзейіт Мәлікеұлының жыр-дастанына талдау жасай келе, Әжібай батырдың туған және өмірден озған мезгілі туралы ақиқаты тексерілмеген деректерге сүйенбеуді меңзеп,  «жыр авторы айтқандай Әжібай 1703 жылы қайтыс болғанда Өтеген батыр бар жоғы бес-ақ жастағы бала еді» - деген тұжырым жасайды (Әбзейіт Мәлікеұлы «Ер Әжібай», Алматы, 1997, 24 б.). Яғни, автор тарихи жаңсақтыққа жол бермеу үшін қарапайым логиканы да естен шығармауды ұсынады.

Өтеген 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен айқасады. Ол 1756 жылы шамасында Абылайдың Қытаймен бейбіт болу саясатына қарсы шығып, Жиделі байсында 17 жыл жүріп қайтыпты деген де аңыз бар. Жамбыл Жабаев: «Қасқара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» – деп батырлықтың белгісі ретінде таныған.

Әжібай Найманбайұлы майдан даласында үлкен ерліктер көрсетіп, жекпе-жектерде табысқа жетіп қазақтардың мәртебесін бірнеше рет асырған мәрт тұлға ретінде халықтың жадында қалды. Оның ерекше ерлігі ауыздан ауызға тарап әңгімелерге арқау болып,  әпсаналармен қатар өзіне арнап жыр-дастандар жазылған.

Ол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» жапа шеккен қазақтарды туған елге қайтаруға үлкен еңбек сіңірген. Кейінгі бейбіт өмірде де ел арасында аса беделді болған. Ел арасында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, Әжібай Найманбайұлы Алматы маңы Атамқұлдың ойында (Моловодное) Таутүрген аймағында тоған қаздырып, су шығарып, егіндік ектірген (Қазақ хандығы энциклопедия Тараз, 2015, 51б.).  Таутүргеннен бастап Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ ауылдарына дейін өзі бас-көз болып жүріп (канал) тоған қаздырып, егін егіп, бау-бақша салып, мал өсіруге қолайлы жағдайлар жасаған.

Кейіннен 1821 жылы қоқандықтарға қарсы көтерілісті басқарған Тентек төре атанған Рүстем төре осы Түрген өзенінің бойына келіп бекініс салып, қоқан зекетшілерін қырып, Қарқара жаққа көшіп кеткен (Қазақ хандығы Казахско-русские отношения в  XVII – XVIII веках. Сборник  документы и материалов,  Алма-Ата 1964;  Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений, Т.4., Алма-Ата 1985; Құрбанғали Халид, Тауарих хамса, Алматы,1992.). Тарихи деректер дәлелдеп отырғандай, Әжібай Найманбайұлы негізін қалаған елді мекен аймақта едәуір көзге түсіп, белгілі бола бастаған еді.

Әжібай Найманбайұлының осы кезеңдегі қазақ даласындағы батырлардан айшықтап көрсететін белгілеріне тоқтала кеткенді жөн көреміз.

Біріншіден, достыққа адал болған Өтеген батыр екеуі сол кездегі достықтың символына айналған. Олар өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді. Екі батырдың  тұлғасы еліміздің батысында 1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ара қатынасы сияқты болған. Бір ғасыр бұрын Әжібай Найманбайұлы мен Өтеген Өтеғұлұлы арасындағы қатынас кейіннен Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы арасында да қайталанды десе болады.

Ол өзінің досы Өтеген батырсыз жорыққа шығып, жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда,жоңғарлардың өзі ерлігі мен оның мінезіне тәнті болып, досына да жауына да адал адам екенін түсінген.Батырлығын, мәрттігін бағалап жауының өзі оны тұтқыннан босатқан.

Екіншіден, жауына қанша қатал болса да адамгершілік танытып, өркениет-тіліктің үлгісін көрсеткен. Ол жоңғар батырымен жекпе-жекте  жеңіске жетіп үлкен ерлік көрсетіп қана қоймай, сол жерде мәрттік танытып жеңген  жауына  құрмет көрсетіп, оның денесін жер қойнына тапсырып ас берген. Яғни бекзадалық, рыцарлық мінез танытқан. «Батырға қонақ асы деп бір ат сойып, өзі жерлеп, басына белгі қойған» (Әбзейіт Мәлікеұлы «Ер Әжібай» Алматы 1997, 24 б.).

Ал ендеше, бекзадалық немесе рыцарлық дегеніміз не? Соған қысқаша тоқталайық. Түрлі мәдениетте рыцарлықтың өзіндік ерекшеліктері болды. Рыцарь бастапқыда салт атты шабандоздықты білдірді. Еуропадағы ортағасырлық дворяндық құрметті атақ та болған. Ол жауынгердің моральдық және эстетикалық идеалын дамытты. Крест жорықтарында пайда болған рухани-рыцарлықтың  әсерінен ол тұқым қуалайтын ақсүйектерге айналды. Кейіннен мемлекеттік биліктің күшеюі, жаяу әскердің аттылардан асып түсуі, атыс қаруын ойлап табу және тұрақты әскер құру орта ғасырдың аяғында феодалдық рыцаризмді саяси таптарға айналдырды. Рыцарлардың прототипі белгілі бір дәрежеде ежелгі Римдегі эквиттердің (шабандоздардың) меншігі болып табылады. Алайда Еуропада соғыс жүргізу және қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру тәсілдерінің түбегейлі өзгеруі IV-VII ғасырларда халықтардың ұлы қоныс аударуы барысында шығыстан келген көшпенділердің қысымымен Рим империясының құлауымен байланысты болды. Сармат атқыштарының ауыр қаруы және ғұн типті дәнекерленген болаттан жасалған ұзын түзу қылыш Еуропаның ортағасырлық рыцарларының қару-жарағының айқын прототипі. Ғұндардың басшылығымен Одақ ыдырағаннан кейін дәл осы көшпенділер (ең алдымен, сарматтар мен остроготтар) қоғамның үстем қабатын құрағандықтан, орта ғасырдағы еуропалық рыцарлық мәдениеттің ежелгі мәдениеттен айырмашылығының бастапқы көзі көшпелі мәдениетте көрінуі қисынды. Алайда олардың салыстырмалы түрде аздығына байланысты оның әсерін жергілікті негізімен синтездеу кезінде таратуға ұзақ уақыт қажет болды.

Рыцарлықты немесе бекзадалықты ортағасырлық рыцарларға сәйкес келетін мінез-құлық пен ар-намыс кодексі ретінде де қарастыруға болады. Шын мәнінде, бұл кодекс сирек құрметтелді, бірақ көркем әдебиеттің арқасында галантты рыцардың романтикалық бейнесі бұқаралық санада қалыптасты, ал «рыцарь» сөзі ақырында асыл адамгершілік адамның синониміне айналды. «Рыцарьлар, – деп жазады тарихшы Жан Флори – бұл ең алдымен сарбаздар». Оның пікірінше рыцарлық тек XII ғасырдың аяғында ғана мүлік жағынан қалыптасқан қоғамдық институт немесе әлеуметтік топ болған жоқ (Е. Д.Смирнова Нобилитет как феномен западноевропейского средневековья (историко-историографический аспект) // Истор. фак. БГУ. –  Минск, б. г. – С. 2. ).

Иә, Ұлы даланың төсінде ерекше ерлігімен танылған Әжібай Найманбайұлы шындығында да Крест жорығында батыс христиан әлемі мойындаған мұсылман күрдтердің батыры Саладдин (оған «Шығыстың Рыцарі» – деген атақ берген) сол сияқты қазақтың арасынан шыққан бекзада, рыцарь болғандығына еш күмән жоқ. 

Әжібай батырдың атында Алматы қаласында көшенің аты берілсе, туған өлкесінде бір ауылда (Асысағада) мұсылмандар зиярат ететін мешіттің аты, өзі қаздырған тоғанның басында  ескерткіш қойылып, оның сүйген жарының атында «Әулие Тұмарша ана» бұлағы маңайында да ескерткіш белгі орнатылған.

Ал Әжібай Найманбайұлының сүйегі Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген себепті оның туған жерінде мүрдесі жоқ. Ұранды бабаның рухы Түркістан жерінде орын тепкендігі ұрпағына аманат болып, әкеден балаға беріліп, жыл сайын ауқатты ұрпақтары киелі жерге келіп, батыр бабаларын еске алып, құран оқып, ас беріп тұрған. Оны көне көз қариялар күні бүгінге жалғастырып келеді. Әжібай батыр Найманбайұлының мәйіті Әзірет Сұлтанның жанында екені ұрпақтары үшін үлкен абырой. Оның кейінгі кездегі дәлелі ретінде «Қазақтың рухы жаңғырды» атты мақаланың жарық көруі болды. (Қазақ әдебиеті газеті  № 24 (2602) жұма, 1999, 11-18 маусым). Онда кесенеде сақталған құлпытастардың тізімі берілді. Сол тізімдегі 58 номерде Әжібай батыр деп көрсетілген.Түркістанда Қожа Ахмет жақсылары тізімдемесіндегі әруақтарды қайта жерлеу рәсіміне Әжібай Найманбайұлы ұрпақтарынан құралған делегация арнайы ас беріп, ресми құран оқып қайта жерлеу рәсіміне барып қайтты.

ХVIII ғасырдан бері елін қорғаған батырлар жөнінде ел аузында тараған деректер бойынша, «Өтеген сен су астында қаласың, Райымбек, сен шу астында қаласың, ал Әжібай, сен Түркістанға барасың» – деген тәмсіл сөз ақиқатты меңзейді. Өтеген батыр, шындығында, Қапшағай көлі орналасқан жерде, Райымбек батыр Жібек жолы бойында Алматы орталығында жерленген. Ол туралы тарихи жазба деректер де жоққа шығармайды. (Ә.Ділдебаев Орталық ғылыми кітапхананың сирек қоры, 833-бума. «Өтегеннің қалыңсыз қыз беруі», А.Сейітқызы «Өтеген батыр» Алматы, 1994, 115-117 беттер., Ә.Ділдебаев, Е. Ысмайлов «Ақындар». Алматы, 1946). Ал, Әжібай батыр Найманбайұлына Түркістан топырағы бұйырғанын жоғарыда айттық.

Асыл бабамыздың бүкіл Түркі әлемі құрметтейтіндей жер бетіндегі соңғы мекені киелі жерде орын тебуі оның қазақтың бекзада рыцарлық қасиетін бағалауының белгісі деп білеміз. Ұрпақтары еліктеп өсіп, ел мен жерді қорғауда үлгі боларлықтай осындай хас батырлар туралы  деректерді жастардың санасына сіңіру – бүгінде  қажет-ақ шаруа. Ерен ерлігімен қоса елеулі еңбегімен ел есінде қалған Ер Әжібай Найманбайұлына көрсеті-лер құрмет әлі де алда болмақ.

 

Ж.СИМТИКОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

саяси ғылымдарының докторы,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Оқылды 3112 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет