Жұма, 30 Қазан 2020 10:54

Дамудың даңғыл жолында

Бағзы  заманнан бері батыс пен шығысты тоғыстыратын керуен жолдың бойына орнығып, шартарапқа өркениеттің шам-шырағын жаққан шаһарлар қаншама. Өйткені жол – халық қажет ететін тауар тасымалының тамыры. Өркениет ағысының өзені. Бүгінде әлемдік нарықтың айналысы теңіз жиегіндегі порттардың экономикасына тебін берумен бірге құрлықтағы күре жолдың да маңызын күн санап арттырып келеді. «Жол жағалаған жоғын табады» демекші жақында жол жиегіне ірге тепкен, ауданымыздың батысындағы Бәйтерек ауылдық  округінің  бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып  қайтқан едік.
Бүгінде Алматы мен ауданымызды жалғайтын күре жол Бәйтерек  ауылдық округ экономикасының күре тамырына айналған. Ертелі-кеш толас таппайтын көлік керуені  жол бойын жағалай мекендеген  бәйтеректіктердің тіршілік қамына тыңнан серпін беруде. Дамылсыз жөңкіген  жүргіншілерге қызмет көрсететін  сауда нысандары мен дәмханалар бұл округте  шағын-орта  бизнестің  қарқынды дамып келе жатқандығын аңғартады.  Осыған орай  ауылдық округтің  тұрақты тұрғын  саны да  артуда. Округ әкімі аппаратының мәліметіне қарағанда, өткен жылы Бәйтерекке қоныстанғандар  саны17893 болса, биыл бұл көрсеткіш 18245-ке  жеткен. Өткен жылы округтің салық түсімі 111 млн. 600 мың теңгені құраса, биыл салық түсімі 124 млн  564 мыңға жетеді деп жоспарлануда. Осыған сәйкес өткен жылы округ бюджеті 37 млн 652 мың теңгені құраса, биыл бюджетке 94 млн 947 мың теңге қарастырылған. Еліміздің  әр аймағына өң берген «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бәйтеректіктердің де баяшат өміріне өз шапағатын шашыпты. Биыл  бағдарлама шеңберінде Бәйтерек ауылдық округіне 15 млн теңге бөлінген. Аталған қаржы Қойшыбек  ауылындағы су құбырын жөндеуге жұмсалыпты.

– Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамдау округіміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Біз бұл түйінді кезең-кезеңімен қолға алып шешуге тырыстық. Екі жыл бұрын Бәйтерек ауылындағы, былтыр Алға ауылындағы, ал биыл Қойшыбек ауылындағы суға сусаған жұртшылықтың  қиындығын шештік, – дейді округ әкімі Айбек Нұрланов.

Округ басшысының айтуынша, ауылдағы тазалық пен абаттандыру жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес. Биыл бюджеттен көшелерді жөндеуге 10 млн. теңге  бөлінген. Бұл бағытта Садов атындағы көшеге, Талғар тұйық көшесіне, Строительный көшесіне, Алға ауылындағы  Нүрпейісов атындағы көшеге асфальт төселген. Биыл бюджеттен санитарлық тазалыққа 2 млн. 700 мың теңге, ал жарықтандыруға 5 млн. 600 мың теңге қарастырылған. Қазір орталық көшелерді жарықтандыру жұмысы қолға алынған. Ал қалған көшелерді  жарықтандыру  алдағы уақытта  өз шешімін таппақ.

Қазір ауылдық округтегі өнеркәсіптік нысандар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруда. Бүгінде округте тас өңдейтін  және асфальт жасайтын «Кентас» ЖШС, «Асфальтобетон» ЖШС,«АДСК» ЖШС, «Альфа Пласт» ЖШС сынды кәсіпорындар 450-ден  астам адамды жұмыспен қамтып  отыр. Әкімдік мамандары өңірге ірге тепкен кей компаниялардың ауылды абаттандыру мен санитарлық тазалықты сақтауға өзіндік көмек көрсетіп келе жатқандығын айтады. Осы ретте, «АДСК» ЖШС-ның  техникалық маманы Ерлан Рсақов: «Кәсіпорнымызда 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Бізде өндіріс  желілері автоматтандырылған. Осыған сай күніне 1000 тонна асфальт  өңдеуге қауқарымыз жетеді. Біз тек пайда  табуды ғана емес, өзіміз  қоныстанған  Бәйтерек ауылдық округінің гүлденіп-көркеюіне үлес қосқымыз келеді. Осы мақсатта ауылды абаттандыру мен санитарлық тазалықты  сақтауға тегін техникалық көмек көрсетіп келеміз», – дейді.

Округ аумағында осыған дейін ескірген әлеуметтік нысандар  күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған болатын. Бұл игі шара биыл да жалғасын тапқан. Бәйтеректегі «Жұлдыз» балабақшасының ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 42 млн. теңге бөлінген. Қазір  қарастырылған қаржыға сай балабақша қайта жөнделді.

Қазір де ауыл шаруашылығы Бәйтерек ауылдық округінің тірегі саналады. Өйткені ырысты мекеннің климаттық жағдайы мал өсіруге де, егін шарушылығымен айналысуға да бап келеді. Сондықтан округ тұрғындары арасында мал шаруашылығын кәсіп еткендер мен қара жерден рыздығын іздейтіндер көп. Айталық, округтегі ірі қара саны былтыр 2019 бас болса, биыл 2559-ға, ал ұсақ мал басы өткен жылы 2676 болса, биыл 3500-ге жеткен. Округтегі мал саны алда тағы артуы мүмкін. Өйткені мұндағы  шаруалардың ет пен сүт өнімдерін алып мегаполистің базарына жөнелтуге мүмкіндігі  жеткілікті. Оның үстіне алдағы уақытта округ аумағында сүт пен ет өнімдерін өңдейтін жаңа кәсіпорындар бой көтермек. Құтты мекеннің құнарлы топырағы түйір дәннің көктеуіне көп қуат беретіні тағы бар. Ағымдағы жылы округ көлемінде 3900 гектардан астам жерге арпа, жүгері, соя, түрлі көкөністер егілген. Төккен терін еккен дәннен табатын шаруалар биылғы қуаңшылықтың салдарынан түрлі дақыл түсімінің аз болғандығын айтады.

– Биылғы төтенше жағдай еліміздің көктемгі егіс науқанына өзіндік қиындық тудырды. Алайда біздің округ республикалық маңызы бар жасыл дәліздің бойында болғандықтан шаруаларды  жанармаймен, техникалық жабдықтармен қамту қиын болмады. Оның үстіне әкімдік тарапынан шаруа қожалықтарына барынша қолдау білдірілді. Биыл егіс өнімдеріне су тапшылығы қатты сезілді. Сондықтан алда су ұңғымаларын көбейтуді қолға алмақпыз, – дейді округ  әкімінің  орынбасыр Дулат Қасымшалов.

Қазіргі індет жағдайына байланысты округтегі барлық мемлекеттік мекемелер, мектептер, балабақшалар, сауда орталықтары, кәсіпорындар мен қызмет көрсету нысандары санитарлық талапқа сай жұмыс жүргізу тәртібіне  көшкен. Округ әкімі аппараты мәліметіне сүйенсек, қазір санитарлық талапты сақтау мәселесі қатаң қадағаланады. Ал санитарлық талапқа сай жұмыс жүргізбеген кей сауда орындары мен дәмханаларға ескерту жасалып, кейбіріне айыппұл салынған. Әсіресе, мектептердегі кезекші сыныптардың санитарлық тәртібі қатаң қаралуда. Бұл ретте, әл-Фараби атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлмира Нұрбаеваның сөзіне қарағанда, қазір мектептегі кезекші сыныпқа келетін оқушылар түгел дерлік дезинфекцияланып, дене температурасы өлшенгеннен кейін ғана сыныпқа кіргізіледі. Ал сынып кабинеттерінде де санитарлық талаптар үнемі тексеріледі. Өсер ұрпақтың  өзегіне руханияттың уызын құятын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мектеп қабырғасында өз жалғасын табуда. Ұлт санасына жаңа бұрылыс сыйлаған бұл бағдарлама аясында аталған орта мектепте «Жүз кітап және жүз ән» атты игі жоба  үш жылдан бері қолға алынып келеді. Биыл аталған жобада ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақынның әндері мен қара сөзін жаттауға басымдық беріліпті. Гүльмира Нұрбаеваның айтуына қарағанда өзге этнос өкілдері Абай әндерін айтуға аса қызығушылық танытқан. Мұндай рухани  бірлік  елдімекеннің ертеңгі жарасымдылығына жол салмақ.

Статистикалық деректерге үңілер болсақ, округте 27 ұлт пен ұлыс өкілі өмір сүруде. Мұндағы тұрғындардың 44,3% қазақ, 43.3% орыс, ал қалған 11,9% өзге ұлт өкілдерін құрайды. Бәйтерек  көпэтносты  округ болғандықтан әр этнос өкілдері  тығыз тұратын жерлерде шиеленіс ошағының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қоса әр этнос белсенділерімен өңірдің тұрақты дамуына мүмкіндік  беретін түрлі мәселелер талқыға салынады  екен. Осы түсіністіктің арқасында  этносаралық қақтығыстарға жол берілмей келеді. Бүгінде округте Бәйтерек ауылдық мешіті, Қойшыбек ауылдық мешіті, Алға ауылдық мешіті, «Әулие Алексей қауымы» жергілікті православиялық діни бірлестігі, «Өмір бұлағы» христиандық Інжілдік шіркеуі жергілікті діни бірлестігі, «Хоба куәгерлерінің мәсіхшілік қауымы» жергілікті діни бірлестігі сынды 6 діни бірлестік бар. Бүгінде  аталған діни бірлестіктер  аудандық, облыстық іс-шараларға үнемі қатысып, округтің  дамуына өз үлестерін қосуда.

Бәйтерек ауылдық округ топырағында түтін түтеткендерді саясына алған мәуелі бәйтеректей бұтағын кеңге жайып, тамырын тереңге тартып келеді. Өңір жұртшылығын жыл сайын артып келе жатқан экономикалық және демографиялық өсім қуантады. Әрине, халық бар жерде қажетсіну бар. Қоғамдасқан өмірде қордаланған мәселелердің болатыны шындық. Осындай шешімін күткен түйткілдің түйініне округ басшысы арнайы тоқталды.

– Қазір округіміздегі Қойшыбек ауылына жаңа мектеп пен дәрігерлік амбулатория салу жоспары күн тәртібінде тұр. Өйткені Қойшыбек ауылындағы ескі балабақша мектепке өзгертілген. Қазір онда оқитын оқушылардың саны  тым көп. Сондықтан балалардың қалыпты оқуына  ескі мектептің мүмкіндігі жетпей отыр. Сонымен бірге округ орталығына өрттен қорғайтын арнайы бөлім салуды да жоспарлап отырмыз  – дейді округ әкімі Айбек Нұрланов.

Шығыс халықтарында «Байығың келсе жол сал», – дейтін дана сөз бар. Жол жиегіндегі жұрттың жоғы табылып, ондағы ел бақуатты өмір сүрсін деген тілектеміз.

 

Ерзат АСЫЛ

Оқылды 1676 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет