Сейсенбі, 24 Тамыз 2021 14:45

Кумирің кім, балақай?

Әр заманның өз батырлары, өнеге тұтар тұлғалары болады. Кеңестік дәуірде суретшілер, жазушылар, ғалымдар мен еңбек адамдарының жұлдызы жоғары болған деседі. Бүгін ше? «Теледидар қандай болса, қоғам сондай» дейтін қағида бар. Телебағдарламалардың бәрі дерлік сахна саңлақтарының өнері мен өмірін, тіпті, күнделікті тұрмыс-тіршілігін насихаттауға арналып келеді. Өнер адамдарының киген киімі, ішкен асы – тележурналистердің көрген-баққаны. Қазір әлеуметтік желінің салтанат құрған заманы. Онда да сол жұлдыздар ойқастап жүр.  Алайда, қоғамдағы елеулі оқиғалар кезінде елді аузына қаратып қойып, есті сөз айтуға сол «жұлдыздардың» өресі жетіп жүр ме? Ал көгілдір экранды ойын-сауық пен ән-күй, шоу, жеңіл әңгімелер жаулағаны балалар тәрбиесіне қалай әсер етеді? Бұл тақырыпта біздің қоғамда, әсіресе, әлеуметтік желілерде оқтын-оқтын ой-пікірлер айтылып тұрады. Әйтсе де, бізді бүгін «Ендігі тұлғалар кімдер, балалар кімдерді идеал тұтып, кімдерге қарап бой түзеп жүр?» деген сауалдар толғандырады.

Әлем қызыққа толы. Тіпті кейбір құбылыстарға таңдай қақпай тұра алмайсың. Кемеңгер боп жаратылған жасөспірімдерді көргенде, олар жайында естігенде кімнің болсын қызығушылық танытары анық. Жақында 13 жасар жапон қызы Момидзи Нисия Токио Олимпиадасында скейтбордингтен топ жарды. Ол жазғы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен ең жас спортшылардың тізімінде екінші орынға жайғасты. Рекорд 1936 жылы Берлин Олимпиадасында суға секіруден чемпион атанған америкалық Марджори Гестрингке тиесілі еді. Енді, міне, ғасырға жуық уақыттан соң 13 жасар Момидзи Нисия күншығыс еліндегі сан мыңдаған балалардың жүрегіне жаңа арман алауын жақты. Әлемдік өркениетті өрге сүйреп келе жатқан  күншығыс елінде балалардың идеал тұтатын тұлғаларының көп екені даусыз. Алайда 13 жасында әлем шыңын бағындырған Момидзи Нисия жапон балдырғандары үшін жаңа дәуірдің қаһарманына айналғаны сөзсіз. Кеңес Одағы кезінде Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» атты кітабын оқып, «Батыр бала Болатбек» деп әндеткендер бойына қайсарлық, жігерлілік, өжеттік сияқты қасиеттерді дарыта біліпті. Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай болмысы бөлек Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» шығармасы да талай қазақ ұландарының жүрегіне алау жаққан іспетті.

Кейде сүйкімді балақайлардан «Кумирің кім?» деп  сұрайтыным бар. Сол сәтте  олардың бір парасы үнсіз қалса, кейбіреулері әншілер мен әзілкештерді идеал санайтынтарын жеткізеді. Сонда қалай? Өнеге тұтатын өзге тұлға қалмаған ба деген ойға қаласың. Көзі қарақты қауымның да бір парасы бүгінгі балалар мен жөсөспірімдер  тек әншілерге ғана еліктейді, солардай болуға ұмтылады дегенді жиі айтады. Өйткені, қазір өте жиі насихатталатын тек әншілер қауымы. Бүгінгі балалар аға буын сияқты «ұшқыш боламын», «ғарышкер боламын», «дәрігер боламын» деп сан түрлі мамандықты айтып, армандай алмайтындай болып көрінеді. Кім білсін, «Әр заманның өз сұрқылтайы болады» деген ғой. Мемлекет ұлт болашағы үшін идеал мен кумирді өзі жасап, оны ұрпаққа ұсынуы керек. Саналы және салиқалы қоғамның бәрінде сондай. Бізде, бірақ, ол жоқ, экран мен эфирдің бәрі ойын-сауықпен толтырылған.

Ендеше, балалардың кім көз алдында көбірек көлбеңдесе, соларға еліктейтіні түсінікті. Көгілдір экран арқылы қандай азаматтар жиі насихатталса, бүгінгі ұрпақ соларға қарап бой түзейді. Бұл орайда, интеллектуалдық өресі, өмірден түйгені мен сіңірген еңбегі айтарлықтай болмаса да, жастардың әншілерге еліктейтіні жаппай белең алып барады. Бұған телебағдарламалар арқылы сахна «жұлдыздарының» өздері тұтынатын зәулім үйі, қымбат көлігі, бағалы киімдері мен сәндік бұйымдары туралы жиі әңгімелеуге, шет елдердерде қыдырып, қалай демалғанын, қандай көңілді кештерде болып, қалай жасанып жүргенін – жалпы тұрмысы елден жақсырақ екенін жария қылып көрсетуге қымсынбайтыны да себеп.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, балалар көргеніне еліктейді. Ал ықпалы артып отырған көпшілік ақпарат құралдары бүгінде бұқара елдің мәдениетін, талғамын өсіріп, танымын кеңейту міндетін ұмыт қалдырған сыңайлы. Қазіргі телеарналардың, бір сөзбен айтсақ, жас буынды «тәтті күлшемен» қызықтырып, құрдымға жетелеп бара жатқаны жасырын емес. Бізде халықаралық білім олимпиадасында топ жарған, өзге де өнер байқауларында дара шыққан дарынды балалар бар. Бірақ олардың тиісті деңгейде насихатталмай жатқаны қынжылтады.

 

Е.АСЫЛ.

Оқылды 6563 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет