Бейсенбі, 09 Ақпан 2023 09:34

Уақыттан озған жыр

Мұқағали өлеңдері – ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай жаңа ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің болмысымен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады.

Ақын кеңістігін армансыз кезген оқырман жаны күйзелу, күйреу сезімінен гөрі арылу, тазару, өзін-өзі тану үдерсін көбірек бастан кешетін сияқты... Мұқағали ақын ұсынар қазақы бейнелеулер адамдық ойлау мен әлемдік пайымдау биігіне көтеріледі. Мыңдаған жылдар бойы «жоғалған замандары» мен күйреген қамалдарын, құм басқан қалалары мен мұң басқан даналарын бауырына алып, бұйығып үнсіз жатқан Ұлы дала, сағымды таулар бір сәт өре түрегеліп, өлең болып, өріле құйылып жатқандай елестейді.

Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан?

Су тартылған теңізден, жылғалардан.

Нелер ұрпақ аттанған қуған арман.

Не бар дейсің өмірге тұлға болған

Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан?

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға!

...Бәрі өтуде

Күн батып, кешкіруде,

Жаңаруда дүние, ескіруде.

Болашақтан – Бейтаныс ұрпағымыз,

Босат деп тұр орнымды,

Естідің бе?!

Ескінің жаңаға ығысып, орын беруі, жаңаның жарқырап, көзге түсуі – «Айдың – толғанында, жігіттің болғанында» жұрт назарын өзіне бұруы тәрізді жанды құбылыс! Тарих пен жаратылыстың мәңгілік сипатын айқындар жасару – жаңғыру, алмасу – жалғасу дейтін дүниелік қозғалыстар көзін қазақы ұғымдар аясында толғай отырып, жыр деңгейін кез келген жұмырбас пендеге ұғынықты, жалпы адамзаттық ұлы биікке көтере жырлау дегеніміз осы емес пе? Мұқағали ақынға ғана жарасар ой өру мен сөз өрудің мектебі! Төркінінде текті қасиет пен тегеурінді қасірет жатқан жыр дүниесінің оқырман жүрегін уақыт өткен сайын жайлай түсуі, бойлай түсуі де сондықтан. «Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бəлкім одан əрідегі ұрпақтардың туысымын» деп жазған еді Хантəңірінің мұзбалағы. Шындығы сол Мұқағали Мақатев – жас ұрпақтың жүрегіне мәңгілік жол тартқан ақын.

Пай, пай, Өмір!

Өтесің-ау бір күні.

Тиясың-ау қуанышты күлкіні.

Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,

Өмір деген – көк аспанның күркірі.

Пай, пай, Өмір,

Өтесің-ау бір күні!

Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,

Кетеміз-ау, әй, кетеміз... пендеміз

Ұрпақтарға береміз де кезекті,

Біз кетеміз. Кету үшін келгеміз.

Уақыт пен кеңiстiк ұғымының ауқымы шексiз. Екеуi де ажырымайтын егіз ұғымдар. Оларды қайсiбiр сәттерде ғана шартты түрде арнайы қарастыруға болады. Алайда тамырлас арналар алшақтап кете алмайды. Көркем әдебиет – уақыт пен кеңiстiктiң шағын моделi. Адам үшiн оның басталуы мен аяқталуы белгiсiз. Алайда өмiр жолының әр кезеңi көңiл мекен шағындағы қоғамдық ұстаным, мұраттар безбенiне тартылғанда, сан түрлi көзқарас, толғаныс сипатына бағдар бередi. Өмірдің өзіндей қым-қуыт мінезді, алуан-алуан бояулы, қуанышы мен қайғысы, көлеңкесі мен күнгейі, шаттығы мен мұңы қатар өрілген, адам баласына тән толқу, тебірену, сезіну, ойға бату, мұң кешу, табиғат сұлулығы мен жаратылыс мазмұнынан үйлесім іздеу; адам жанының терең сырлы қатпарларын зерттеуге ұмтылу, тануға құлаш ұру; туған халқының тағдыр-талайын, бары мен жоғын екшеу – сыры мен жұмбағы мол ғаламмен сыралғы досындай қатар тұрып тілдесу, жан әлдилер жарындай ақ жарыла сырласу бақытына айрықша ие болған ақынның жыр әлемін ешкіммен ұқсатуға, телуге келмес қолтаңбасын салған жерден танисыз. Уақыт өткен сайын үні зорайып, айдыны кеңейе түскен осынау нұры мен сыры қатар шалқыған, өркен жайған, қуаныш пен қасіретке қатар шомылған құдіретті жырдың жетегіне еріксіз ересіз. Өлмес ойдың өрісіне кенелесіз. Қуанасыз, мұңаясыз, өкінесіз, қайғырасыз, күрсінесіз, түршігесіз, толқисыз...

Қас қағым сәт ішінде пенделіктің торын бұзып, адам кейпіне енесіз. Мұқағали Мақатаев атты дарын, алып ақындық талантымен қаншама жылдар өтсе де, өлмес өлеңдерімен өрлей бермек. Оның өшпес өрнекті ұзақ өмір сүріп, жастардың жүрегіне жарқырап жетіп, жалын құйып, өзінің жылуы мен жарығын дарытуда. Әрбір оқыған, іздеген сайын ақынның жаңа сырлары аңғарылып, тың толқындары тулап, сырлы саздарын төгуде. Тарихтағы ұлт ұлы ақыны ғана шығатын шұғылалы биікке көтерілген әрбір ірі ақындар сияқты Мұқағали да қазақ поэзиясын жаңа кеңістікке көтеріп қондырды да, өзі соның мәңгілік тұрғыны болып қалды. Ол әрбір мезгілмен бір көктеп көгеріп, әр ұрпақпен бірге жасайтын ақындардың таңдаулы тобына жатса керек. Ол кісінің өлеңдерін ұмыту мүмкін емес. Әрбір өлең сүйер қауымның жүрегінен ерекше орын алған туындылар мәңгі есте қалмақ!

Ерзат АСЫЛ.

Оқылды 7773 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ұлылар үндестігі Есіңе мені алғайсың... »

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет