Сәрсенбі, 21 Маусым 2023 17:52

Ұлт мәдениетіне темірқазық болған – Темірбек

ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ ОТЫЗЫНШЫ ЖЫЛДАРЫ «ТЕМІР-НАРКОМ» АТАНҒАН ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВТІҢ ЕСІМІ БҮГІНДЕ ИСІ ҚАЗАҚҚА ЕТЕНЕ ТАНЫС. ОЛ – ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ РЕСПУБЛИКАЛАРЫНДАҒЫ ОҚУ-АҒАРТУ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ САЛАСЫНЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС ҚОСҚАН КӨРНЕКТІ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, СЫНШЫ-КӨСЕМСӨЗШІ. БИЫЛ АЙТУЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНІНЕ 125 ЖЫЛ ТОЛДЫ.

Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қызыл­орда облысы, Жалағаш ауданының қазіргі Т.Жүргенов ауылында (бұрынғы Жаңаталап) дүниеге келген. Ол − кезінде Ырғыз бен Сыр бойы аралығын жайлаған қалың елге белгілі болған, ел ұстаған билік иесі, өз заманының талабын аңғара білген көзі қарақты жан Қара Жүргенұлының бел баласы. Осындай дәулетті, тәрбиелі ортада өскен Темірбек өз кезеңі үшін тиянақты білім, ұлағатты тәрбие алды. Ол дәс­түрлі халықтық ортада тәрбиеленді, ұлттық психологияны, сөз бен саз мәдениетін ананың сүтімен, атаның қанымен бойына сіңірді. Жас Темірбектің ұстаздар жағынан да жолы болды. Осылардың ішінен екі кісіні Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мен Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөз­діктің авторы Досмұхаммед Букинді атап айту жөн. Алғашқы ұстазының шарапатты әсерімен жас бала бірнеше шығыс тілін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауһарларымен жастай танысса, соңғы ұстазының көмегімен Еуропа мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, осы қоғамдағы озық революцияшыл идеяларды терең игерді. Сөйтіп, Т.Жүргеновтің дүниетанымында шығыстық және еуропалық дүниетаным кіріге тоғысып, біртұтас рухани дүниеге ұласты. Қайраткер-қаламгердің көзқарас эволюциясындағы осы ерекшелік соңыра оның мәдени құрылысқа, ағарту саласына байланысты мәселелер түйінін әрі тез, әрі дұрыс тарқатып отыруына көп көмегін тигізді. Темірбек Тұрмағамбет ақын ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. Ал 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құра­мына енеді. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Аталған білім ордасында студент болып жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласып, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. Ол Қазақ АССР-нің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, ал 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.Бартольд, профессор С.Малов секілді атақты ғалымдарды Мәскеуден арнайы шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салады. Жоғары оқу орындарына арналған «Саяси экономия» және «Құқықтану» пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударады. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға атсалысады. 1929-1930 жыл­дары Тәжікстанның Қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары  Өзбекстанның Халық ағарту комиссары, ал 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқарады. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Сейфуллин, С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев сияқты қайраткер-қаламгерлерді тартты. Т.Жүргенов ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. өнер май­талмандарының шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Т.Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәлімет берді. Жүргеновтің тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мек­тептерінің артуына ықпал етті. Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының бірінші өнер слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін өткізудің басты ұйымдастырушысы болды. Онкүндік кезінде еліміздің өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге атқарған ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның жазушылық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді. Қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, Т.Жүргеновтің қалам-герлік қарымы назардан тыс қалып, мемлекеттік қызметінің тасасында қалып келді. Қазіргі қолдағы мәлімет бойынша, Ағарту комиссарының әзірше 7 кітап, 150-ден аса әдеби-публицистикалық мақала жазғаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда, «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздықты жою» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары», т.б.мемлекетшіл тақырыптағы очерктері мен мақалалары бүгінгі ұрпақ үшін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Жүргенов қоғам қайраткері ретіндегі қызметін партиялық функционерліктен емес, 1918 жылы «Қазақ мұңы» газетінің жауапты хатшысы болып, қаламын қару етіп бастағанын атап айтқан жөн. 20-жылдар басында Т.Жүргенов республикалық «Еңбекшіл қазақ» газетінің буынын бекітіп, бұғанасын қатыру ісіне шығармашылық, ұйымдастырушылық қажырымен атсалысты. 1924 жылы Ташкентке келіп, САГУ-де (Орталық Азия Мемлекеттік университеті) оқып жүріп, әрі Қазақстанның Түркістан республикасындағы өкілі қызметін атқарған кезде де Жүргенов қалам майданының қақ ортасынан табылды.. Абайдың «Болыс болдым, мінекей!» өлеңінің үлгісінде жазылған бұл сахналық интермедия қазақ әдебиетіндегі сатиралық монологтардың алғашқы үлгілерінің бірі саналады. Ал, 1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №4 санында жарияланған «Меруерт» әңгімесі − XX ғасырдағы ұлттық прозамызда өз кезеңіндегі ең өзекті, ең көкейкесті тақырыптың бірі − әйел теңдігі мәселесіне арналған. Кейіпкерлер тағдырының ұқсастығы, тақырып ортақтығы және кейбір суреттеу тәсілі жағынан «Меруерт» М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесімен үндес. Ол сюжетті өмірде жалт еткен бір сәттік оқиғаға, яғни метонимиялық принципке құрады. Бұл жағынан әңгіменің новеллалық сипаты басым.

Темірбек қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Белгілі өнер майталманы Құрманбек Жандарбеков ол туралы: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз», − дейді, ал академик А.Жұбанов: «Жүргеновтің кабинетінен шыққанда Ала­тау­ды айырып, Қаратауды қайырып шыға­тындай күш-жігермен шығатын едік», − деп өнер басшысының қажыр-қайратын жоғары бағалайды. Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Жүргенов – тілді де тісті, жігерлі де іскер адам», – деп талантына ерекше ден қойып, ыстық ілтипатпен еске алады. «Біз қазақ мәдениетінің шырқау шыңдары үшін Темірбек рухының алдында қарыздармыз», − деген еді Әбіш Кекілбаев.

Бұл күнде еліміздің жастары білім алып түлеп ұшып жатқан көптеген жоғарғы оқу орындары мен институттардың негізін осы Темірбек Жүргенов қалағанын бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейтіні шындық.  Темірбек Жүргенов дегенде 1927 жылы Ташкентте ұйымдасқан алғашқы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы ҚазҰПУ) тұңғыш ректоры, Тау-кен институтын (Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ), әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-ды құру, жаппай сауаттандыру, 10 жылдық білім берудің күні бүгінге дейін үзілмеген желісі еске түседі, Т.Жүргенов дегенде 30-жылдар басында Голощекин лаңынан кейін тұралап жатқан ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп 400 мектеп салдырып, қазақтың «Луначарскийі» атанған Ағарту комиссары еске түседі. Т.Жүргенов дегенде тұңғыш ұлттық опера өнерін дүниеге келтірген білікті басшы, 1936 жылғы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнер декадасы, «Шахнаманың» тұңғыш қазақшаға аударылуы, «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғаш көрсетілімдері, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетінің қарауына алған ұлтжанды азамат ойға оралады. Осындай іргелі, игілікті істерді басқарып жүріп, артынан мол әдеби-публицистикалық еңбектер қалдырған. Тарихи антология жағынан бұл мысал өркениеті мен мәдениеті теңескен батыс елдердегі қоғам қызметін қалам қызметімен қатар алып жүрген М.Робеспьер, Е.Дашкова, Ф.Раскольников тәрізді қайраткер-қаламгерлер үлгісімен теңеседі.

1937 жылы басталған жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны қыруар игі істердің басы-қасында жүрген Т.Жүргеновті де өзінің шеңгеліне іле кетті. Оған «халық жауы, ұлтшыл, Кеңеске қарсы терроршы-көтері­лісші, шпиондық-диверсант­тық ұйымдарға басшылық еткен, жұмыстарына белсене ара­ласқан» деген сияқты бірнеше айып тағып, кейін сот оны ату жазасына кесті. Үкім 1938 жылы 25 ақпанда Алматының іргесіндегі Қандысай деген жерде орындалған. Бұл кезде есіл ердің жасы небәрі 39-да еді. Алаш ардақтысы Әлімхан Ермековтің туған қарындасы, қайрат­кердің зайыбы – Дәмеш Ермекова күйеуі атылғасын «халық жауының әйелі» деп оны 8 жыл­­ға бас бостандығынан айырып, «АЛЖИР » ла­геріне қамайды. Бас-аяғы 20 жылға жуық уақыт қуғыншылық көріп, ол Алматыға тек 1957 жылы ғана оралды. Дәмеш Әмірханқызы кейін айнымас адал жарын жазықсыз жаладан ақтап алу жолында ғалым Мардан Байділдаевпен бірге талай есікті тоздырып жүріп, көптеген іс-шаралар, кездесулер өткізеді, естелік мақалалар жазады. Осы кісілер мен Жүргеновке жанашыр азаматтардың ықпал етуінің арқасында Алматыдағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына Темірбек Жүргеновтің есімі берілді. Сон­дай-ақ, Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе облыстарының бірқатар мектептері мен көшелеріне қайраткердің есімі беріліп, ескерткіштер орнатылды. Қайталанбас тұлға, сөз жоқ, қазақ руханиятының дара саңлағы бола білді.

Е.АСЫЛ.

Оқылды 10749 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Қазақ әліппесінің атасы

Соңғы жаңалықтар

Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет