Сейсенбі, 13 Тамыз 2019 10:18

Адамды адам еткен - адамгершілік

Адамды адам еткен - адамгершілік https://www.google.com/search?client=opera&hs=0MR&biw=1326&bih=626&tbm=isch&sa=1&ei=HzlSXdeyHcuHk74PlJ-coAc&q=мейірім&oq=мейірім&gs_l=img.3..0l8j0i5i30j0i24.51020.55035..55749...1.0..0.224.1188.0j7j1......0....1..gws-wiz-img.V5OYrMj7LSE&ved=0ahUKEwiXvoKB_

Адам баласының эволюциялық даму барысы жайлы бүгінде сан түрлі пікір бар. Соның ішінде ғылымда, әсіресе, дарвинистік көзқарас мықтап орныққан. Бұл көзқарас бойынша адам маймылдан жаратылған-мыс. Деседе бұл жүйе адам баласының анатомиялық және материалдық мәдениет тұрғысынан дамуын түсіндіріп берсе де, адам табиғатындағы сан түрлі қатпарларына көз жүгіртуге келмейтін күрделі психологиялық ерекшеліктеріне тісі батпай жатады. Иә, адам ғажайып құбылыс. Басқа әлем бір төбе болса, адамның өзі бір төбе. Ұлы ойшыл Сократтан басталып «Өзіңді өзің таны» ұранымен жалғасқан адамтану ғылымының бүгінгі ғылым мен техниканың алға шыққан дәуірінде шеті де ойылған жоқ. Өйткені адамды тану барша ғаламды танудан да маңызды әрі басты мәселе. Адамды зерттейтін сан тарfудан тұратын ғылым салалары айналып келгенде бір сұраққа тірелетіні бар. Яғни, «Адамды адам еткен не нәрсе?» деген жалғыз сұрақ талай ғұламаның бар күш-жігерін сарқа жұмсап, күн-түн демей бастарын қатырғанына қарт тарих куә. Ендеше, бізде бұл сұраққа өз әліміз жеткенше жауап беріп көрейік.

Мұндайда «Адамды адам еткен – еңбек» деп қараған Маркстың атақты сөзі ойға оралады. Келісеміз, әрине. Адам жалқау болғанда бүгінгі күйіне ешқашан жете алмас еді. Сонау терімшілік пен аңшылықты кәсіп еткен қарапайым өмір сүру формаларынан бастап, кейінгі өндірістің дами бастаған революциялық кезеңге дейінгі аралықта адамның қаншама төгілген тері мен қолының табы жатқаны баршаға мәлім. Одан кейінгі адам қолынан шыққан әлемнің жеті кереметі де осы тынымсыз еңбектің нәтижесі болатын. Дегенмен адамның даму процесін тек еңбекпен байланыстыру тым жадағай болып көрінеді. Өйткені, адамнан басқа айналамызда жүрген сан түрлі тіршілік иелерінің еңбек етуі адамнан асып түспесе кем түспейтіні айдан анық. Тіптен оларды бұл жағынан өзімізге ұстаз тұтатынымыз бар. Бірақ сол тіршілік иелерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі қайда деген сұрақ туындайды рас. Ғылыми болжам бойынша адамның жаратылуы басқа жануарлармен салыстырғанда тым қысқа. Ал сол бізден әлдеқайда бұрын пайда болған тіршілік иелерінің қаншама тынымсыз еңбек етсе де адам секілді өркениетті қоғам құра алмауы неліктен?! Демек адамның еңбектене білуден басқа ерекше бір қабілеті болғаны ғой. Иә, ол қабілет адамның ақылы болатын.

Ақыл адамның басты қаруы. Егер адам ақылды болмағанда өзінен физикалық қуаты әлдеқайда күшті әрі қоршаған ортаға бейімделгіш басқа тіршілік иелері тарапынан жойылып кетуі де мүмкін болатын. Адам ақылдың арқасында ойлана білетіні, ал ойдың арқасында кереметтер жарата алатыны ақиқат. Оның сыртында адам баласының ізденгіштік және шығармашылық қасиеттері де көп кәдеге жарады. Дегенмен адамды адам еткен әрі барша әлемнен өзгешелеп тұрған осы ақылының пайдасымен қатар зияны да бар болатын. Өйткені Абай атамыз айтқандай адамның ақылы жақсылықпен қатар жамандыққа да жол ашатын. Сондықтанда әл-Фараби атамыз «Адамға бірінші білім емес тәрбие беру керек, өйткені тәрбиесіз білім әлемді бұзады» деп бекер айтпаса керек. Кешегі әлемді түнекке орап, қанға бөктірген Гитлер мен Сталин секілді тирандарды білімсіз немесе ақылсыз деп айта алмаймыз. Бірақ сол білім мен ақылдарының нәтижесі аттарының тарихта қара таңбамен жазылуына әкелген жоқ па?! Адамның ақылы мен ойының, ізденгіштігі мен талабының, таланты мен өнертабысының көрінісі болып табылатын әрі талай жетістікке жетуіне мүмкіндік берген техникалар мен озық компъютерлерінің бүгінде теріс ықпалын жасыра алмаймыз. Демек, бұдан  адамның өркениетті қоғам құруына ақылдан басқа тағы бір нәрсенің ықпалы болғанын түсінеміз.

Бұл адамзат қоғамын мейірімділік пен ізгілікке бастайтын қасиетті жол болатын. Ол жол адам қанағатын жоғатқанда ұятын оятатын, мейірімділігін жоғалтқанда жауыздығын тізгіндейтін, жүрегі түнекке тұншыққанда, түнектен шығарып нұрға толтыратын, парызын ұмытқанда қарызын есіне түсіретін, пенденің хайуани инстингін тежеп періштеге жақындататын адамның адамдық бет-бейнесі мен даналық көрсеткіші – адамгершілік жолы еді. Егер кез-келген қоғамда адамгершілік заңы салтанат құрмағанда ол қоғам азғындап, түбі құрып тынатын. Сондықтан адамгершілік адамның ақылын жүрекке билетіп, оны гуманистік қоғамға апаратын. Ал гуманизмді жолбасшы еткен қоғам сан мың жыл өтседе татулығын жоғалтпай, бейбітшілік пен тұрақтылықтың бесігінде тербелетін.

 

 

Адамгершілік – тәрбие жемісі

 

Адамды адам болуына еңбек пен ақылы ғана емес, адамгершілік қасиеті де  көп әсер еткенін сөз еттік. Енді адам адамгершілік қасиетті қалай иеленетіні туралы сөз қозғайық.  Абай атамыздың он жетінші қара сөзінде Ғылымның Ақыл мен Қайратты Жүрекке бағынуға үндегені туралы айтылатыны бар. Егер жүрек дененің патшасы болса, адамгершілік мінездің патшасы. Демек адамгершілік те жүрекке ұялап, жүректен туындайды. Ал жүректің таза, рухтың биік болуы адамның алған тәрбиесімен байланысты. Адамның жүрегіндегі адамгершілік қасиет ешқашан білімділігінің көрнісі бола алмақ емес. Академиялық білімі болса да адамгершілік жұғыны жоқ пенделерді көргенде осындай ойға қалатынымыз жасырын емес. Керісінше оқу оқымаса да адамгершілігі биік адамдарды көргенде әлемнің осындай ақ жүрек адамдардың арқасында аман тұрғанына шүбә келтірмейсің.

Аталарымыз ұрпақтарының ең алдымен адамгершілік пен патриоттық тәрбие алуына мән берген. Сондықтан қазақ қоғамында қылмыс өте аз болып, түрменің маңызы болмаған. Қазақ туысқаншыл халық. Жеті атаға дейін қыз алыспай туысқандығын сақтаумен қатар, олардың алтауыз ала болмай, тату-тәтті болуына көп күш салған. Туысқанын өкпеге қиса да, өлімге қимайтын мәрттігі, атасының құны болса да алдына келсе айыбын кешіретін кеңдігі, адуынды болса да аталы сөзден аспайтын білгірлігі, өз мүдессінен ел мүддесін артық қоятын отансүйгіштігі осы адамгершілік тәрбиенің озық үлгісі емес пе?! Тіптен, әскери жүйесі де осы туысқандық қатынаспен тығыз байланысты еді. Сондықтан кез-келген қазақ ұланының санасындағы  отан түсінігі туысқандық сезімімен астасып жататын. Отанын қорғау туысқанын қорғау екенін де жете түсінетін. Осы сезім мен парыздың арқасында ел шетіне жау келгенде бүгінгідей «Отан үшін! Ел үшін! Халық үшін!» деген жалаң ұранмен емес, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» деп аттанатын. Бұлда туысқандық пен отан ұғымын қатар көретін адамгершілік қасиет екені даусыз. Сол себепті ата-ана, сүйген жары мен бала-шағасын жаратқанға тапсырып, туған жерінің тұтамдай жерін жауға бастырмау үшін өлуге бейіл еді.

Бүгінде адамзат ұстазы болып саналатын ежелгі гректерден де, шығыстың қос алыбы әрі ежелгі мәдениет орталықтары Қытай мен Үндістаннан да аталарымыз құрған қоғамның кейбір гуманистік белгілерін кездестіре алмайтынымыз да шындық. Бергі Ресейдің қазақ жерін зерттеген талай мүйізі қарағайдай ғалымдары да қазақ қоғамының ішкі үндестігіне таң қалып, талай жазба да қалдырған. Адамгершілік қағидаларына немқұрйды қарау  қашанда жақсылыққа апармағаны заңдылық. Өзіңіз жақсы білетін атақты «Үш жүз Спартандық» оқиғасы осының айқын дәлелі. Адам тағдырын дене мүшелерінің мінсіздігіне қарап анықтайтын спартандық архонтттардың (қарт жауынгерлерден құралған кеңес) бір қателігі ешкімге бас имеген батыр спартандықтарды парсының Ксеркс патшасына бодан қылған жоқ па?! Олардың жеңілісіне Эфиальттың сатқындығы себеп болды десек те, сол «сатқынның» шығуына ең алдымен спарта қоғамы кінәлі болатын. Яғни елдің аман болып, ұрпақтың отанға адал болуы адамгершілік тәрбиенің жемісі екені хақ.                                                                                                                                                                                                                                                                   

 

Адамгершілік тәрбиені қалай береміз?

 

«Егер сен алдыңа бір жылдық мақсат қойсаң – егін ек, он жылдық мақсат қойсаң – ағаш отырғыз, ғасырларға мақсат қойсаң – ұрпақ тәрбиесімен айналыс» дейді шығыс даналығы. Біздің де мемлекетіміз мәңгілік тұғырында тұру үшін ұрпақ тәрбиесімен айналысу мемлекеттің мәңгілік мұраты болуы шарт. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «жастар саясатын іске асыру қазақстандық патриотизмді, рухани-адамгершілік мәдениетті тәрбиелеу, ұлттық сәйкестікті қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады» делінген. Демек бүгінде еліміздің жастарға баса назар аударуын мемлекетіміздің болашағын қамтамасыз етуден туындағанын аңғарамыз.

Әрине, ұрпақ тәрбиелеу айтқанға ғана оңай шаруа. Әр нәрсенің бастау алар басқышы болатыны секілді тәрбиенің де өзіндік басқышы бар. Яғни, тәрбиенің басқышы – қамқорлық. Ал адмгершілік тәрбие беруде қамқорлықтың алар орны тым жоғары. Егер келер ұрпаққа ең алдымен қамқорлық көрсетілмесе олардың арасынан талай Эфиальттың шығары анық. Мейірімділік пен қамқорлық бір-бірімен толық қабысқанда ғана адамгершілік тәрбиенің есігі ашылмақ.

Тәрбиенің келесі сатысы  – ұлттық тәрбие. Өз ұлтының құндылықтарымен сусындамаған адам ешқашан толыққанды адам болмайтынын тарих талай дәлелдеген. Өйткені қай ұлттың тәрбиесін көріп, сол тілде білім алған адам сол ұлттың сойылын соғатынына куә болып жүрміз.

 Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие – екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді. Сондықтан белгілі бір мазмұнды іске асыра отырып, адамгершілік ықпалдың әр түрлі әдістерін пайдаланғанда педагог істелген жұмыстардың нәтижелерін және тәрбиелеушілерінің жетіктістерін зер салып талдау керек.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Оқылды 2170 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет