Тірі болса жетпіске толар еді деген бұл күні Қ.Орынбетовтың Алмагүл Әбиірқызы бастаған туған-туыстары, ұрпақтары Құдайберген Әбиірұлының аруағына құран бағыштап, ас берді.
Жарыстың ашылуына аудан әкімі Б.Ысқақ қатысып, Қаракемердегі орта мектепке, Есік қаласындағы Қазақстан және Қаракемер ауылдарындағы көшелерге аты берілген Құдайберген Орынбетовтың қысқа ғұмырында өткен өнегелі жолы жайында жүрекжарды сөздерін айтып, жас жеткіншектерді еңбекте, өнерде, спортта Қ.Орынбетов сынды аға ұрпақтан үлгі алуға шақырды. Туған бауыры Құдайберген Орынбетов туралы кезінде өзі де аудан басшылығында болған Алмагүл Орынбетова да толғана баяндады.
Қаракемер ауылдық мәдениет үйінде ауданның әкімі болған Құдайберген Орынбетовтың туғанына 70 жыл толуына байланысты волейболдан облыстық турнир өтті. Оған 12 құрама қатысты.
Атап айтсақ, аудан құрамасымен қатар Жамбыл, Райымбек, Панфилов, Ұйғыр, Талғар аудандары, Ащысай, Қаракемер, Бөлек ауылдары және Есік қаласынан жасақталған құрамалар жарыс көрігін қыздырды. Жарыс қатысушыларының бір тобы мәдениет үйінің спорт залында ойнаса, екінші топ Қ.Орынбетов атындағы орта мектептің жаттығу залында бәсекеге түсті. Атап өткен жөн, Қаракемер ауылдық округінің өзінен үш бірдей құрама жарысқа түсті. Олар Қаракемер құрамасы, «Керемет» құрамасы мен Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп құрамасы.
Жарыс жанкүйерлері қатарында аудан әкімінің орынбасары Бекет Ахметов және Құдайберген Орынбетовтың әпкесі Алмагүл Орынбетова отырды.
Таңмен таласа басталған жарыс түннің қою қараңғылығы түсе аяқталды.
Бірінші орынды ешбір құрамаға дес бермеген Қ.Орынбетов атындағы орта мектеп құрамасы алды (суретте). Олар арнайы кубокпен қоса 100 мың теңге ақшалай сыйлық еншіледі. Екінші орын «Керемет» құрамасына берілді. Олар арнайы алғыс хаттармен бірге 70 мың теңге ақшалай сыйлық алды. Ал, үздік үштікті аудан құрамасы еншілесе, олар 30 мың теңге және алғыс хаттар және медальдармен марапатталды. Сыйлықтар мен марапаттарды үздіктер аудан әкімінің орынбасары Бекет Ахметов пен Алмагүл Орынбетованың қолынан алды.
Ә.МАНАСБЕК.