«Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі...». Шағырай шешеннің осынау өлең жолдарын басшылыққа алған ауданның имамдары жұмылып жұдырық болып, игілікті істің басын қайырды. Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының қайырымдылық бағыты бойын-ша, Алматы өңірінің өкілі Қуаныш Наржановтың бастамасымен, ауданның бас имамы Сапархан Төреқұловтың және аудандағы барша ауыл имамдарының қолдауымен Қаракемер ауылынан алты баланың жалғызбасты анасы Айжарқын Алданазароваға бес бөлмелі жаңа үй салынып берілді. Былтырғы жылғы Рамазан айында алғашқы кірпіші қаланған үйдің кілті жуырда тапсырылды.
Пайғамбарымыз: «Садақа беру ешқашан байлықты кемітпейді», – деп айтқан екен. Олай болса, «Жақсылықта жарысайық, ағайын!» деп ұрандаған имамдар мен мешіт жамағаттарының қайырымдылығы өздеріне екі еселеніп қайтпақ. «Осындай игі іске араласудың өзі – адам жанына тыныштық сыйлайтыны сөзсіз. Бұл жерде біздің имамдардың асып-тасып бара жатқан ештеңесі жоқ, әрине. Тек, халықты, жамағатты жақсылыққа шақыру. Қайырымдылық арқылы қатқан жүректерді жібіту. Осы көпбалалы ананың пәтерден пәтерге көшіп, баспанасыз, бүлдіршіндердің күйсіз жүргеніне көз жұма қарай алмадық. Бұлардың әрқайсысы Қазақстанның ертеңгі болашағы ғой. Жұма намаздарында жамағатқа үндеу тастап, әркімнің қолынан келгенінше көмек беруін де сұрадық. Солайша, көппен көрген ұлы той. Міне, бүгін барлық ішкі-сыртқы жұмыстарына дейін бітіріп, отын-суларын түгендеп, жаңа шаңырақтарына кіргізіп отырмыз балаларды анасымен», – дейді аудан имамы Сапархан Төреқұлов. Расында, табалдырықтан енгеннен кең әрі жарық, барлық жағдайы жасалған үйдің ерекше аурасын сезінеді екенсің. Көпшіліктің тілеуі мен көмегінің ұшқыны бұл үйге өзгеше жарық беріп тұрғаны сөзсіз. Айта кету керек, үйдің ішіндегі жылу жүйесін түгелдей дерлік «Альтаир» өндірістік кооперативінің директоры Сейітхан Қырқынбаев өз мойнына алып, орнатып берген.
Алты баласы да Қаракемердегі Қ.Орымбетов атындағы орта мектепте білім алып жатқан кең құрсақты ананың қуанышында шек жоқ. «Балаларымның арманы орындалды. «Мама, шіркін, өз үйіміз болса ғой» дейтін еді. Оған мен түнімен көз жасымды сығымдағаннан басқа не істей аламын. Алладан сұраушы едім. Шүкір, бүгін, міне Алланың қалауымен, жақсы адамдардың көмегімен баспаналы болып отырмыз. Түсім сияқты. Қайырымды адамдарға мың рахмет», – дейді Айжарқын Алданазарова көңілі босап.
Алмагүл НҰҒМАН.