Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:54

Әжібай батыр және оның ұрпақтары

Әжібай батыр және оның ұрпақтары mezet.kz

Иә, «Әжібай тоғанының» суы – ел ырысы, жер нәрі. Бұл аймақ осы тоғанның суы арқылы тіршілікте. Ендеше арна неге «Әжібай тоғаны» аталған? Ал Әжібай деген кім?... Енді  мені осы сұрақтың жауабы мазалағаны... Білмекке бірер қариялармен жүздестім. Бәрінің жауабы бірдей. Солардан тау етегіндегі «Таутүрген» ауылының тұрғыны, ардагер ақсақал Бақыт Бөркеевтың тарихи әңгімесін тындағаным өзімше.

Әжібай Найманбайұлының тікелей ұрпағы, академик-тарихшы, медицина ғылымының докторы, «Қазфармация» акционерлік қоғамының президенті Кеңесбай Үшбайұлымен тілдестік. «Ер Әжібай» жырын кирилица қарпіне көші-ріп, оның түсініктемелерін жазған ауыз әдебиетін зерттеуші Тоқтар Әлібек, әде-биет зерттеушісі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, ардагер журналист Асқанбай Ерғожаев, Кеген аудандық «Қарқара» газетінің қызметкері Келеке Құсайынов, сексен сегіз жастағы Райс Рысдәулетұлына, жетпіс алты жастағы Өмірқұл Майлыбаев, ауыл мен аудан ағасы дәрежесіне жеткен Дүйсебек Рақымжан бастап осы мәселенің төркінін шешуге талаптануға қатысқаным. Бұлар Әжібай ұрпақтары. Батыр бабалары жайлы білгендерін әңгімелеуде. Ертеде жазу болмаса да ауызша деректер ел аузында сақталған.

Әжібай ұрпақтарынан бір-бірінен ұқсастық іздеген суретші-педагог Қуандық Жігітекұлы Карбузов дулыға мен сауыт киген Әжібай суретін салған. Ол сурет 2018 жылы Суретшілер Одағының залында өткен республикалық көрмеде халықтан жоғары баға алған. Жоңғар шапқыншылығында ел мен жері үшін жанын құрбандыққа шалған халық батыры Әжібай есімін мәңгі есте сақтау үшін Алматы қаласынан оған бір көше атауын берген. Еңбекшіқазақ ауданы «Асысаға» ауылында халық қаражатымен «Әжібай мешіті» салынып, ол Алланың екінші үйі атанады.

Әжібай Найманбайұлының туған жері облысымыздың Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылы. Батыр баба 1699-1777 жылдар аралығында өмір сүрген. Таутурген ауылы киелі, қасиетті жер. Республика тарихына алтын әріппен жазылған атамекен. Таутүрген айтыскер ақын Құланаян Құлмамбеттің кіндік қаны тамған тарихи мекен. Сол 1825-1915 жылдары тұлпар тұяғын дүбірлеткен батыр Медетбек Есебайұлының сүйегі жатқан киелі жер. Медетбек батырдың кесенесі де осында. Импровизатор ақындар Жамбыл Жабаев пен Құланаян Құлмамбеттің айтысы өткен, дүркіреген өңір.

Кешегі Кеңес Одағы кезінде Таутүрген ауылы ешкі малын өсірумен облыста үлгілі колхоз атанған. Колхозды Әбілда Бөркеев басқарған. Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы жауынгерлерге киім-кешек апарып, жеңіске жігерлендірген шаруашылық. Бертін Ленин атындағы колхоз бөлімшесі атанған. Жүгері дәнін жинауда республика және одақ көлемінде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген атақты колхоз. Колхоз бау-бақша өсірумен де айналысқан. Кейін мал шаруашылығы мықтап дамыды. Қазір кооперативтерге бөлініп, әркім өз тіршілігін өзі өркендетуде.

Таутүргенді батырлар ауылы десе де болады. 18 ғасырдың басында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Жалайыр Ескелді, Шапырашты Наурызбай, Албан Ханкелді, Райымбек батыр бастаған батырлар ерлігі тарихтан халыққа мәлім. Біздің ұланғайыр жерімізді сақтап, ұрпаққа аманаттаған.

Шақшақ Жәнібек, Көкжал Барақ, Қарасай, Қасқары, Әжібай, Өтеген, Қаржау, Елтінді, Малай, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш ерлігі халыққа енді дәріптеліп, олардың есімдері елді мекендерге берілуде.

Мәселен, «Асы» жайлауына Түрген өзенінің бойымен барарда Бас Қараш, Орта Қараш, Аяқ Қараш жайлауларын басып өтесің. Жазда жайлауға көшкен малшылар Асыға  жеткенше жол бойында түнемелеп, ертесі тау бөктерлеп жеткен.

Әжібай батыр туған Таутүргеннен шығысқа қарай созылатын ендігі бір жол Төрежайлауға апарады. Одан ары сабау қамшылы, салт атты ғана жүретін Құмбел асуы. Бұл асу «Асы» жайлауына жететін төте жол. Түрген өзені бойымен ертеңгі азанда шыққан салт аттылар Асыға кешкі ымыртта әрең жетеді. Ал төте жол Құмбел асуы арқылы бірер сағатта Алатауды асып Асыға барасың. Бұл қыя жолдар ертеде салт аттылардың, барымташылар мен ұрылардың, аңшы мен қарақшылардың ғана жүретін тың соқпағы, төте жолы болған.

«Төрежайлау», «Құмбел», «Белшабдар», «Қараш» секілді ежелден сақталған атаулар. Ат белінен түспеген құс ұйқылы батырлар жауға қарсы шапқанда қар, жел демей жүре берген. Археологтардың қазба зерттеуі бойынша жазба деректерден гөрі тұрмыстық заттар арқылы анықталуда. Соның бір айғағы – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне кіретін, Әзірет Сұлтан кесенесін жөндеу және қалпына келтіру басталған 1992 жылдары қазбадан жерленген билер мен батырлардың сүйектері және қару-жарақтары шыққан. Соның бірінде «Мұнда Ер Әжібай батыр жерленген» деген жазу табылған. Демек, Алатаудан аттандап шыққан Әжібай батырдың сарбаздары Жоңғар шайқасында Түркістанға дейін барған.

Зона батыр жеңілген соң қалмақтар үдере қашады. Зонаның сүйегін де алмайды. Әжібай: «Зонаны батыр еді», -  деп арулап жерлейді. Басына тастан белгі қояды.

Содан бастап қазақтар жауға шапқанда: «Уа, әруақ! Уа, Әжібай!» деп ұрандайтын болған. Батыр аруағына сыйыну әлі де бар. Әжібай содан бері «Қызылбөрік» руының ұранына айналған. Әжібайдың батырлығы өз алдына, еңбекқорлығы, болашақтың қамын ойлайтын шаруақорлығы және бар. Оның сол кездегі бастамасының рахатын елі, жері әлі күнге дейін көруде.

Ол – «Әжібай тоғаны». Әжібай батыр ел жинап Таутүрген ауылының жанынан ағатын Түрген өзенінен жырып, үлкен арна қаздырған. Сол арна арқылы Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ, Ақши, Атамқұл ауылдары егістігін, көкөніс өнетін бау-бақшасын осы тоған суымен күні бүгінге дейін суғарады. Бұл арна әлі де жылдар, ғасырлар бойы «Әжібай тоғаны» деп аталады. Әжібай тоғанын салу да өзінше бір әңгіме. Таутүрген ауылының күншығыс жағынан, Түрген өзенінің бір қылта жерін бұрмалап, еңіске қарай су ағызу керек болды. Арна тартылған жерге үйдей тас кептелген. Оны халықтың итеріп жылжытуы мүмкін емес. Ол кезде казіргідей техника жоқ. Әжібай білектің жуандығындай қыл арқанды елден жинатып, тастың ортасынан орап байлайды. Соңғы күштерін салып жұрт «Уа, Алла! Уа, аруақ! Уа, Әжібай!» деген кезде тас аударылып түседі. Халық тоғанды қолмен қазып, төменгі елге су шығарады. Біртіндеп отырықшылыққа үйренген ел сол суды әлі пайдаланады.

Әжібайдың ұрпақтарын ел таниды, халқына танымал атақты азаматтар. Үлкен ұлы Құдагелдінің баласы Дәркенбай өз заманында шешендігімен танылған. Оның немересі Мейірман азулы ақын болса, шөбересі  Досжан көп жылдан бері Алматының басындағы тау ішіндегі «Аққайың» санаториясының директоры, республикаға белгілі азамат. Ортаншы ұлы Мәуке іскерлігімен және әділдігімен көп құрметтісі. Кіндігінен көп ұрпақ тараған бір рулы елдің басшысы. Одан кейінгі Жалбыдан шыққан Мақсұтты арғы бет пен бергі беттің бар қазағы таниды. Ол кезінде батыл да өжет би, болыс болған. Ал кіші ұлы Бердіқожадан тараған ұрпақ ішінен Әжібай аруағын қайта жаңғыртқандар Кеңесбай Үшбаев, Сол секілді Сағатбек Медеубекұлы, Әлібек Тохтарлар белгілі ғалымдар. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы.

 

Сөз түйіні

 Толағай сөзді түймедей түйінмен доғарар болсақ, Әжібай батыр тарихта белгілі тұлға. Еліміздің бүгінгі бейбіт тынысы, егемендігі үшін, ұлан ғайыр жеріміздің сүттей ұйыған берекесі үшін күрескен, ата-баба аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған батыр. Батыр баба әруағын пір тұтқан, киесі бар қасиетін түсінген, бағалаған халқы және тікелей ұрпақтары «Әжібай» қорын ашпақ. «Әжібай тоғаны» басына есімі жазылған құлпытас орнатпақ. Тарихи деректермен жазылған «Ер Әжібай» кітабын және «Қызылбөрік Хан Тотас ұрпақтары» ғұмырнамалық шежіре жинақты жалғастырмақ. Әруағына ас беріп, құран бағыштамақ.

Бір сөзбен айтқанда, дарабоз батыр рухына бас ие отырып, халқымыздың рухын қайта жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге қалдыру.

 

Нұрсадық Сарғожаев,

Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының Құрметті Азаматы,

журналист-жазушы.

Read 58 times

Күнтiзбе

« Ақпан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама