Сәрсенбі, 13 Шілде 2022 10:00

Қос қанатын кеңге жайған қырандай

Бір сурет тұтас дәуірдің де, қас-қағым сәттің де символы болуы мүмкін. Бір сурет арқылы адамның болмысын, табиғатын айшықтап беруге болады. Бір суреттің құндылығы бір томдық кітапқа пара-пар кездер де бар шығар. Дәл осы Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин қатар отырған сурет – қазақ фотография мұрасының баға жетпес жәдігері.

Жамбылдың өлеңдерін орыс тіліне аударып жүрген Павел Кузнецовқа жазған хатында Ұлы Отанымызды корғап жаткан жауынгерлердiң бәрiне бiрдей камкор екендігін айкын көрсетіп: "Павел, карағым, араларыңнан атағы жер жарып шыққан батыр жiгiттерге сәлем айт Жамбыл атасынан. Барекелде, балаларым, ризамын!" дептi де. Ердің ерлігі осындай заманда керiнедi ғой, тегi! Өзіміз де кәрiлiк "кой, қойлаған" соң ғана отырмыз. Әйтпесе аянатын немене бар, тәйір! Әттең, кәрiлiк қой, әйтпесе үйде отырар ма едік..." деген екен. Жамбыл Жабаев Отан қорғауға өзінің екі баласын аттандырған. Бірақ ол Отан қорғаушы барлық жауынгерге бірдей құрмет пен қамқорлық көрсетті. Бұл сурет осыған дәлел болып отыр.

Менің суреттен алған әсерім ерекше болды. Бір ғасыр жасаған тау тұлғаны ортаға алып отырған қазақтың қос батыры, олардың асқақ рухы қалай бей-жай қалдырсын?! Халық аузында аңыз болып айтылып жүрген Бауыржан Момышұлына тән қаталдық, кербездік, өктемдік қасиеттерінің табы да жоқ, байқадыңыз ба? Жанарынан жылулық, жымиысынан жан жадыратар мейірімділік лебі еседі. Отаны үшін отқа түсіп, ажалмен бетпе-бет келген кісінің қайратын қатайтпай, жігерін жанымай қан майдан қайтара қоймас. Алайда, жүрек түпкірінде ізгілік шырағы сөнбесе, ол осылайша адамның көзінен, күлкісінен танылып тұратындай. Қаһарман Бауыржан Момышұлымен сырлас болған жазушы Мамытбек Қалдыбайұлы өз естелігінде: "Бауыржанның қуанғанын біле қоюдың өзі қиын еді. Ол сырт көзге, әсіресе, бір көрген адамға сыр бере қоймайтын” дейді. Бірақ дәуірдің дауылпаз ақыны, жыр алыбы Жамбылды көргендегі қуаныш бөлек болса керек.

Мәлік Ғабдуллиннің де батырлығы мен парасаттылығы көзқарасынан көрінеді. Фашистердің тісіне дейін қаруланған әскеріне тойтара соққы берген сарбаздардың басшысы, миллиондаған қазақ жауынгеріне әскери тәртіптің, тектілік пен ержүректіліктің үлгісі болған батыр Мәлікті соғыс оты тұтанбаған бейбіт заманның жас өкілі – мен, дәл осылай елестеткен едім. Етті-жеңді, жанары өткір, келбетті азамат болған екен. Суреттен айқын көрінетін сарбаз Ғабдуллин мінезінің ірілігі бүгінде сырбаз Ғабдуллиннің ұлылығы іспетті көзге оттай басылады. Расында, батыр Мәлік, елжанды, рухты Мәлік – бұралаңы мен бұлтарысы көп өмір жолының қай тұсында да көңіл бұйдасын тек арға ұстатқан рухани қайсарлықтың үлгісі. Ал батыр Бауыржан Момышұлы мен қайсар Мәлік Ғабдуллиннің ортасында отырған Жамбыл Жабаев қос қанатын кеңге жайып, қазақ көгінде қалықтап ұшқан қырандай елестеді көзіме.

"Ақсақал Жамбыл келед жанаттанып, Қиялы қияға өрлеп қанаттанып, Жазылып бүкіш белі қуаттанып", – деп өзі туралы өз өлеңінде жазғандай, құдды бір бойының қуаты артып, кеудесін мақтаныш кернеп, батыр ұлдарына ризашылық танытып отырған сияқты. Абыз ақсақалдың кішіпейілділігі – кісілігі ғой. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет деген халық даналығын естен шығармаған Жамбыл ақын батырларды биікке көтеріп, қошемет қылмаққа асыққаны көп очерк пен естелік хатқа арқау болған. Халық жазушысы Сәбит Мұқанов бір естелігінде 1943 жылдың жазында Советтер Одағының батыры деген зор абройлы атаққа ие болып, қазақ халқының ардақты ұлы Мәлік Ғабдуллин Алматыға келгенін жазады. Сонда батырға арнап Жамбыл ақын жыр оқып қарсы алып, сыйлы қонақ етіп төрден орын берген екен. "Панфиловшыл 8-гвардиялық дивизияның даңқты қолбасшысының бірі, полковник Бауыржан Момышұлы үйіне қонаққа барғанда да, Жәкең Мәлікке жасаған құрметті көрсетті", – дейді Сәбит Мұқанов.

Жыр жампозы Жамбылдың ерекше мəн беріп, үлкен ақындық талантпен жырлаған тақырыптарының бірі осы – Ұлы Отан соғысы еді. Жамбылдың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шығармалары өткірлігімен, патриоттық сезімнің айқындылығымен құнды. Сондықтан оның сол алапат соғыста аянып қалмай, майдан даласында ерлік көрсеткен ержүрек азаматтарға деген сый-құрметі зор болуы – заңдылық деп білеміз.

 

Анель Аянқызы

Оқылды 1775 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет