Дүйсенбі, 29 Сәуір 2019 11:02

Ажырасу асқынып барады!

Қазақ қашаннан отбасы, ошақ қасын – Отаны деп сезінген. Өз үйін өлең төсегі деп түйсінген. Тәрбиенің бесігі, әулетіндегі ұл-қызын бақ-береке несібі, шаңырағын бұл пәнидегі жұмақтың есігі деп енген. Анығы да сол, мемлекетті құраушы қоғам болса, қоғамды құраушы – отбасы. Сондықтан болар «Отан – отбасынан басталады» деген тәмсілдің бізге жеткені. Ұлттық болмысымыздың балталанбай, тұтастығымыздың тамырлануы шынтуайтына келгенде отбасындағы тәрбиеге тәуелді. Демек, «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген қазақтың айтқаны тағы да ақиқат.

Осы ретте жуырда Райымбек батыр атындағы орта мектептің конференц залында отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында жас отбасылармен кездесу өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жүзеге асқан шарада судья Зульфия Баки, медиатр Ләззат Кобланова, аудандық мәслихат депутаты, аталған қор төрағасы Қайнар Жұмағожа, аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Өркен Әбдібай қатысты.

Алаңдатарлығы, ауданымызда өткен жылғы қаңтар, ақпан айларымен осы жылғы екі айды салыстырғанда жұбы жараспай ажырасқан отбасылар саны 9,4 пайызға өскен. Бұл тұрғыда судья Зульфия Срапулқызы (суретте) айтып берді:

– Отбасылардың басым көпшілігінің ажырасу факті үш қана мәселе: мінездері жараспады, қаржылық жетіспеушілік және жас отбасылар мәселесіне екі тараптың ата-аналарының араласуы. Міне, осыны желеу еткен жас жанұялар арасында қаншама сәбилер тағдыры жатыр, – дейді.

Иә, қазақ танымына жат, Алланың ең сүймейтін ісін қылған ажырасу деген дерт қоғамымызды жаулап барады. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде отау құрған отбасылардың 5-тен бірі айырылысып тынады екен. Бұл дегеніміз мың отбасы құрылса, оның 200-інің дәм-тұзы жараспайды деген сөз. Арадағы тірі жетім атанған балалардың тағдыры, жалғыз қалған аналардың тағдыры не болмақ. Аң екеш аңның өзі табиғат заңдылығымен жүреді, Жаратушы нәсіп еткен төлдерін жарық дүниеге әкеледі. Ал бүгінгі қоғамымызда нәпсіқұмарлық артып, ыстық ықыластан дүние есігін ашқан сәбиін асырауға әлі жетпей отырғандар жетерлік. Жауапкершіліктен жалтарғанымыз – қай сасқанымыз. Қасқыр бөлтірігіне аң ау-лауды үйрету үшін тірідей әкелінген аңды немесе малдың төлін талатады. Демек, жыртқыштың өзі баласының алдындағы жа-уапкершілігін се-зініп отырғанда, сана беріп, ой беріп, келісті тұлға бой беріп, даралаған АДАМ дейтін атымызға бұл қылығымыз сын болмай ма? Осыны ойласақ, өзек өртенетінін несіне жасырамыз.

Кезекті сөз алған Қайнар Жұмағожаұлы ұр-пақ тәрбиесіне алаңдаушылығын ашық айтты. – Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы! Осы жолда жұмылмасақ, ертеңіміз қарынның қамын ойлайтын, нәпсісіне тоймайтын, саны да, сапасы да сын көтермейтіндерден құралады. Анасына қызы, әкесіне ұлы қарсы шыққан қоғамнан құралады. Бұны болдырмас үшін қайтпек керек?

«Сөз түзелді, тыңдарман сен де түзел» деген тәмсіл бар. Қазіргі жас буын сөзбен емес, көзбен, құлақпен емес, іспен тәрбиеленетінін ұмытпағанымыз абзал. Ол үшін сөзіміз бен ісімізді бір арнада тоғыстырғанымыз жөн. Мұндайда қазақ «Әкеге ҚАРАП ұл, шешеге ҚАРАП қыз өсер» деген. Әкені немесе шешені ТЫҢДАП деп айтылмаған. Демек, ұрпақ тәрбиесінде ата сақал аузына түскендер де, ата-ана атанғандар да аса жауапты. Баяғыда бір оқымыстымыз Еуропаға барғанда қаусаған кемпір-шалдарды көріп, бұл кісілер не істеп жүр деген бір шетелдікке «Өздерінше өмір кешіп жатқан қариялар ғой» дегені есте. Несін бүгеміз, қазір арамызда да өзінше «тыныштықта» өмір сүруге үйреніп жатқан үлкендер жетерлік. Кенже баланың қолында тұру сиреді. Жанбағыс қамында ұл-қыздарымыз жүр. Немере тәрбиесін басқа қолға бердік. Бұл ұлт болашағын өзгенің қолына ұстатқанмен тең. Осы ретте қазақтың батыры Бауыржанның: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оларға жақсыны үйретіп жатқан әже жоқ, үйреніп жатқан бала жоқ» деген сөзі алдыңғы толқынға, яғни ата мен әжеге, әке мен анаға мың батпан  салмақ салып-ақ тұр. Осы салмақты арқалау үшін бірігетін кез келді. Демек, әрбіріміз отбасымыздың президенті ретінде ұрпағымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруге, айналасына мейірімді жүзбен қарауға, туған жерін бақытына балауға үйретуіміз тиіс. Сонда ғана елдігіміз еңселі болмақ. 

Шара барысында медиатр Ләззат Қобланова да пікір білдірді. Жас отбасылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Пікір алмасу соңында жуырда ғана бас қосқан Мейрамбек Ботамбаев және Динара Абдубаитоваға, Сымбат Қанатбек пен Аяулым Ербосынқызына ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар табысталды. Жас отбасына еліміздің тірегі болатын салиқалы ұрпақ тәрбиелеуге, мерейлі отбасылар санатынан көрінуге тілектестік білдірді көпшілік.

Алмагүл НҰҒМАН

Оқылды 1932 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ажырасу асқынып барады! Доверие – в сердцах людей »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет