Бейсенбі, 04 Сәуір 2024 12:26

Су қоймалары толық бақылауда

Демалыс күні аудан әкімі Талғат Байеділов өңіріміздегі су қоймаларының техникалық жағдайын тексеріп, бақылау жұмыстарын жүргізді.

Талғат Ескендірұлы жұмыс сапары барысында Бартоғай су қоймасы мен Есік көлінің жағдайымен танысып, жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтсақ, тиісті деңгейде қауіпсіздік шараларын сақтауды және бөгеттер мен су қоймаларының техникалық жағдайын тұрақты тексеріп отыруды тапсырды. Өз кезегінде нысан басшылары су жіберу көлемінің реттілігін бақылай отырып, тиісті жағдайда механизмдердің толық жұмысқа дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар қауіптің алдын алу мақсатында су деңгейі тәулік бойы кезекшілердің бақылауында.

Бүгінде Бартоғай су қоймасындағы судың жалпы қоры 83 пайызды құрайды. Су қоймасы-ның жұмыс реттілігі тұрақты бақылауға алынған. Су қоймасында тәулік бойы бақылау ұйымдасты-рылған. Төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Есік көлінде де жағдай тұрақты. Сыйымдылығы 12 млн текше метр болатын көлде қазіргі уақытта шамамен 1,7 млн текше метр су бар.

Су объектілерін тексеру барысында жауапты мамандарға қауіпсіздік шарасын толық қамтамасыз ете отырып, су қоймаларының тех-никалық жағдайын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.                                      

    Өз тілшіміз.

Бейсенбі, 04 Сәуір 2024 12:24

Сатираның сардары

«Адамгершілігі жоқ қоғамның сатиригі хайуандар туралы мысал жазады. Уот тәк!» – деп  артына өшпес сөз қалдырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сатирик, актер, театр және кино режиссері Асқар Наймантаев Хан тәңірінің қойнауында, Нарынқол ауылында 1965 жылы өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Әбдіғалым Наймантаев Нарынқол халық театрының режиссері, анасы сол халық театрының актрисасы болып қызмет атқарған. Асқар аға бір сұхбатында: «Мен театрда дүниеге келген баламын. Бір күні шешем сахнада Еңліктің рөлін сомдаған екен. Бір кезде Еңлікті өлтіретін кезде бала қуыршақ табылмай, сасқандарынан әлі қырқынан  шықпаған мені жөргекте оралған күйі жүгіріп сахнаға алып шыққан көрінеді.

Сол қойылымды қабылдауға комиссия мүшесі болып Сабира  Майқанова, Асқар Тоқпанов барған екен. Тірі баланы көрген олар: «Ойбай, жаңа кішкентай әртіс шығып кетті, алдыртыңдар!» деп екеуі маңдайымнан сүйіп, батасын берген екен. Сол күннен бастап мен сахнадан түспеген баламын» дейді. Осы жылы естеліктер Асқар ағаның балалық өмірі театр іргесінде өткенін аңғартады.

Мәдениет саласында жастайынан қызмет еткен азамат  шығармашылық жолын мектеп табалдырығында баста-ған. Алтыншы сыныпттан бастап Қадыр Жетпісбаевтің «Бала мерген», Сәкен Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» атты бірнеше қойылымдарын сахналайды. Мектепті тәмамдағаннан кейін «Алматы театр және көркемсурет» институтына түсіп, «театр және кино актеры» бойынша  диплом алады. Содан жоғарғы оқу орнын бітіріп,  М.Әуезов театрына жолдама алып, сол өнер шаңы-рағында бірнеше басты рөлдерде ойнады. «Көшедегі пақырды, әкім бол деп шақырды» қойылымында Нұртаза, «Ғасырдан ұзақ күн» спектаклінде Сәбитжан рөлін, сол секілді бірнеше рөлдерді сомдап, Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Болат Атабаев, Әубәкір Рахимов сынды дарынды режиссерлермен қызмет атқарады. Қазақ сахнасында Асқар Наймантаев «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы көпшілікке танымал болды. Кейін өзі жеке отау тігіп, «Терісқақпай», «Аққу-Гәкку» театрын  ашады.

Сол кезде «Терісқақпай», «Аққу-Гәкку» комедиялық театрларының орны ерекше. Кезінде әсем Алматымыздың сахнасының сәні болып, сырттан келген қонақтар сатира жанрында ерекше ізі бар, айқын бағыты бар «Терісқақпай» театрының қойылымдарын асыға күтіп, іздеп, сұрап жүріп баратын. Асқар Наймантаев бастап, Ұлан Нүсіпәлі, Қадырғали Көбентай, Дархан Дайырбек сынды азаматтармен әріптес болады. Бүгінгі күні ел аузында айтқан әзіл-қалжыңдары жаттанды сөзге айналып, әлі сахна төрінде шыққан биігі-нен төмендемей жүрген майталман әртістердің елге танылған құтты шаңы-рағы «Терісқақпай» театры еді.

Ұлттың рухани азық алар ордасы ол – театр. Дәл осындай мәдениет ошақтары бүгінгі қоғамға керек-ақ. Мәдениеттің сапасын жоғарылату мақсатында Алматы облысында екі бірдей халық театрының ошағын ашқан Асқар Наймантаев өз естелігінде: «Нарынқол театры аудан жабылып қалғанда қоса құрыды. «Театрдың не жазығы бар? Қайта ашайық» – деген өтінішпен бірнеше жыл табаным тозды», – деп айтқан еді. Осыған қарап театр ашу  оңай жұмыс емес екенін түсінесің. Осылайша, туған топырағындағы мәдениет ордасының түтінін қайта түтетуге кіріскен мезетте Алматы облыстық мәслихатының депутаты Ызғарбек Бектұрсыновтан Ұйғыр ауданынан театр ашуға ұсыныс түскен екен.  Ел сыйлаған ағаның өтінішін жерге қалдырмай, осы театрдың ашылу жұмыстарына араласып, Нарынқолда «Хан тәңірі», Ұйғыр ауданында «Қара дала» театрларының ашылуына маңдай терін төгеді. Екі кеменің басын ұстау өте ауыр екені сөзсіз. Театр ашқаннан кейін қиындықтар болған, аға өз жазбасында: «Бірінші қиындық екі ауданның арасында қатынау, екі бөлек спектакльді жобалау, оған уақыт табу болды. Алматыдан 300 шақырымға барып-келіп жүргенімді қосыңдар оған. Дегенмен алынбайтын қамал жоқ, алға қойған мақсатты орындау керек» – деп артына өшпес із қалдырған нағыз ержүрек тұлға. Өз ісінің нағыз маманы, жілігін шағып, майын ішкен азамат бұл сыннан да сүрінбеді. Оған дәлел, 2010 жылы 25 қазанда «Хантәңірі халық театры» Мұқағали Мақатаев шығармасының желісімен «Аққулар ұйықтағанда» спектаклімен, тура бір аптадан кейін, 2 қарашада «Қара дала халық театры» Абай Құнанбаев шығармасының желісімен «Ескендір» спектаклімен Талдықорғандағы Бикен Римова атын-дағы театр сахнасында салтанатты түрде шымылдығын түрді.  Айналасы бір жарым айдың ішінде шалғайдағы екі ауданнан екі бірдей халық театрын ашып, оған екі бөлек қойылым қою оңай жұмыс емес. Бірақ,  Асқар Наймантаев мұны да еңсерді. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек». Осы айтылған сөз Асқар ағаның әрекетінен хабар береді. Бір сұхбатында: «Екі театрды ашқанда да «Мен ашсам сен мынаны бересің» деген талабым болған жоқ, келісімшарт та жасалған жоқ ешкіммен. Қол алысып, кірісіп кеткен іс болды бұл. Нарынқолға да, Шонжыға да әлемге жар салып қойған соң, бастаған істі аяғына жеткізейін деген намысты қамшылап, тегін шапқыладым».

Қос театрды ашқан соң араға 5 жыл салып 2015 жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Қаракемер балалар театрын» ашады. «Қаракемер балалар театры» ауданға ғана емес, аймаққа белгілі өнер ұжымына айналады. Ашылғанына сегіз жыл уақыт болса да көрнекті ойындарымен, мағыналы көріністерімен көрерменнің көзайымына айналуда. Бүгінде театр арнайы мамандармен толықтырылған. Театр ұжымын өнер академиясының түлегі, Кубенкулов Әлішер басқарып отыр.

Театр өнерінің қара нары, сатираның майталманы Асқар Наймантаев өмір-ден өткенде барша қазақ қайғырды. Қабырғамыз қайысты. Асқар аға жайлы естеліктермен хаттар тоқтаусыз жазылуда соның бірі жан жолдасы әрі сыныптасы Бекжан Тұрыс әлеуметтік желіде манандай жазбасымен бөлісті «Замандасымыз Клара айтқандай, Асқар – бүгінгінің Жаяу Мұсасы. Астында көлігі жоқ, сөйте тұра ана театр, мына театр деп ауыл мен қаланың ортасында табанын тоздырып жүргені рас қой. Өзім үнемі айтып жүретін «өнер ұлтқа қызмет етуі керек» дегеннің дәлелі – Асқардың өнерге, ұлтқа сіңіріп жүрген еңбегі. Үш театрдың ортасында жүріп анау айтқандай айлық алмағаны да белгілі. Ауылдың мәдениетіне көңіл бөлінбей кеткенде білек сыбана кіріскен – осы Асқар. Ұлтқа қызмет етудің, ата-анасының жолын жалғастырудың үлгісін көрсетіп жүрген де – осы Асқар» – дегені бар. Асқар ағаны жақсы біледі деген жанның бірі Қаракемер мәдениет үйінің басшысы, Асқар ағаның қолдауымен ашылған «Қаракемер балалар театрына» еңбегі сіңіп келе жатқан жан Арайлым Мамырбекқызы: «Асқар ағаның орны ойсырап қалды. Тірі адам тіршілігін жасайды. Біздің мақсат – ағаның атын өшірмеу. Еңбегін жандандыру, шəкірт тəрбиелеп, киелі сахнаның киесін ұғындыру. Болашақ Асқарларды дайындау... Асқар ағаның бір күн тұнжырап, болмайды деген сөзін естіген емеспіз. Ер есімі ел есінде мәңгіге сақталуы тиіс деп есептеймін» – дейді.     

 

Ақерке ДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігімен басталады. Яғни,  алдымен ел арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы керек» – деп ортақ  іске ой тастап, оны ел болып атсалысуға шақырды.

Бүгінгі кезде қоғамның дамуына кері әсер ететін түйіткілді өзекті мәселелерді жұрт болып бірлесіп шешу мақсатында Шелек өңірлік қоғамдық үйлестіру тобы құрылған болатын. Қоғам белсенділері бірнеше ауылдың ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі, жастар ұйымы мүше-лерімен, имамдармен кездесулер өткізіп келеді. Негізгі мақсат – ұлттық дәстүрді сақтау, жастар тәрбиесіне баса көңіл бөлу,  дәстүрлі дінімізді қастерлеу, имандылыққа иіту, діни ағымдарға жол бермеу, жөнсіз ысырапшылықты тоқтату, алаяқтық пен арандатушылыққа, нашақорлыққа қарсы күрес мәселелерін көп болып қолға алу.

19 нурызда қоғам белсенді-лері Малыбай ауылдық округінде болып, ондағы ақсақалдар алқасының, әйелдер кеңесінің, жігіт ағалар басшыларымен жоғарыда аталған мәселелер бойынша кеңесті. Топ жетекшісі Нұрлан Мұхаметқалиев бел-сенді топтың басты мақсатын айтып түсіндірді. Топ мүшелері Рыскелді Жақабаев бұқаралық спортты қайта жаңғыртып, жастар арасында ауыл-ауылмен түрлі жарыстарды ұйымдастыру керектігін айтты. Ал, Құрамыс Сәрсебаев дәстүрлік дінімізге берік болуды, өлім-жітімде аста-төк ысы-рапшылыққа жол бермеуді, қонақасын тек алыстан келгендерге арнау керектігін тілге тиек етті. Округ әкімінің орынбасары Орынбасар Төлепов ауыл тынысымен таныстырса, ақсақалдар алқасының төр-ағасы Мекебай Құрманбаев пен әйелдер кеңесінің төрайымы Шамшинұр Курбанова ауылдағы қоғамдық жұмыстардың ұйымшылдықпен өткізіп жатқандарын нақты мысалдармен жеткізді.

Қоғамдық белсенділер Көктерек елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Бұл шағын мекенде 66 отбасы бар. Олар «ауыл» мәртебесі берілмеген елді мекенде мал бағып, түрлі ауыл шаруашылық дақылдарын егіп күн көруде. Дегенмен, мұнда шетелден қоныс аударған қандастар үй кітапшасына тіркеле алмай, балаларына жәрдемақыларын ала алмай, тіршілік түйіткілдерін тартып жүрген көрінеді. Ауыл тұрғыны Ерболат Рахымбаев: «Біз мектеп, балабақша салып бер демейміз. Мектеп жасындағы 64 баланы Малы-байдағы оқу орнына алып барып, алып келуге арнайы автобус бөлінген. Бізге тек «ауыл» статусын берсе екен» – деген ұсынысын айтты. Ал Нұрмағанбет Солтанбеков бұл ауыл бұрын колхоз, кейін тауарлы сүт фермасы болғанын, сауыншылар мен малшылар ауылына айналған бұл жерде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендері мен бірнеше ме-дальдардың иесі болған атақты сауыншы Нұржамал Құлжабаев тұратынын айтып, «Осыдан екі жыл бұрын егіс суаруға 27 млн 600 мың теңге бөлініп, бастаған арық жұмысы бекер қалып, арты құрдымға кетті» – деп ренішін де жеткізді. Тұрғындар еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай саяжайларға «ауыл» статусын беру мәселе-сін көтергенін, қазір саяжайлар елдімекендерге қосылып жатқанын айтып, «Көктерек – саяжай емес, шағын ауыл, табиғаты тамаша, жері тіршілікке қолайлы, «ата қонысым, ата жұртым» деп келдік. Ешқайсымыз ештеңе сұрап жатқанымыз жоқ, ел экономикасына өз үлесімізді қосып жүрміз» – деген мұңдарын жет-кізді. Тіпті, ауылдан көшіп кеткендер де бар екен.

Ауыл тұрғындарының 95 пайызы – жастар. Оқушы саны алдағы уақытта көбейеді. Елі-міздің көптеген аймақтарында білім ордаларының 60 пайызы – шағын мектеп. Сол жерлерде 120 орындық ғимараттар тұрғызылуда. Кездесуде тұр-ғындар мектеп бітірген балаларын мұғалім мамандығына беретінін, келешекте қанатын кеңге жаятын ауылда мектеп ашылса, жұмыс орны болатынын да айтты. Мұндағы жастар ұлттық спортты, ат баптау, қолөнерді дамытуға баса көңіл бөлген.

Көктерек ауылының тамыры тереңде жатыр. П.Румянцевтің «Жетісу уездері» деген кіта-бында: «№18 Көк-Терек қауымы. Бұл қауымды Албан руының қарақыстықтары мекендеген. Олар 1874 жылы Жаркент уезі, Айт болысынан көшіп келген. Малдарын Асы жайлауына баққан. Суармалы егістік жерді суару үшін 6 орта шаруалардың жұмысшылары Төсекбайдың бас тоғанын пайдаланған. Шабындықтар қыстаудың маңына орналасқан. Мал, егін шаруашылығы жақсы дамыған» деп жазып, оны цифрлар арқылы дәлелдеген. Шілік өңіріндегі сол кездерде пайдаланған 15 арықтар тізімі көрсетілген. Соның ішінде «Көктерек», «Төсекбай» арық-тары ерекше аталып, №17 Малыбай, №18 «Көктерек» қауымдар тұрғындары пайда-ланғаны айтылған. Ал, Алматы-дағы мемлекеттік архив басқармасының мұрағатындағы  №39 Д – 40 тізімде Жаркент губерниясы, Алматы уезі Қызыл-Сөгеті болысы, Көктерек қыстағынан бірнеше байлар-дың мал-мүліктері тәркіленгені жазылған.

Алматы облыстық мұрағаттар және құжаттама басқар-масында 1929 – 1940 жылдар аралығында Көктерек ауылында «Көктерек» колхозы құрылғаны туралы дерек табылды. Бұл колхоз 1940 жылдан бастап «Ленин» колхозына айналған. 1950 жылы Малыбай ауылдық кеңесінің аймағындағы 5 колхоз «Ленин», «Молотов», «Орджаникидзе», «Еңбек», «Бірлік» біріктіріліп, кеңейтілген «Ленин колхозына айналған. 1963 жылы «Ленин» колхозы «Маяк» темекі совхозы болып қайта құрылған.

Ал, 1932 – 1934 жылдар аралығындағы «Алматы облысы бойынша аудандарға бөлу», 1933 – 1934 жылдары «Алматы облысының әкімшілік жергілікті бөлінісі туралы» анықтамада №43 «Көк-Терек» колхозы Малыбай кеңесі ауыл шаруашылық бағытында 1929 жылы құрылып, техникалық да-қылдармен айналысқан. Колхозшылар саны 38, жер көлемі 26 659 гектар, оның ішінде суармалы егістік 237 гектар, жұмыс көлігі – 21» деп көрсетілген («Алматы облысының мемле-кеттік архиві» КММ 2017 жылғы 8-қыркүйек, шығыс құжаты № А-94). Сондай-ақ, «Қазақстан орталық атқару комитетінің 1932 жылғы 27-28 ақпандағы қаулысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының құрамынан: №11; №12; №13; №14 ауылдық кеңестер Шелек ауданының құрамына бе-рілсін: №12 ауылдық кеңес орталығы «Көк-терек» ауылы Малыбай ауылдық кеңесінің құрамына енгізілсін» деп жазылған. ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Орталық мемлекеттік мұрағат» РММ 2017 жылғы 20 қыркүйек №05-02-11/795 шығыс хатымен бе-рілген анықтамада Малыбай ауылдық кеңесі Көктерек базы, Қоян фермасында 11 ер, 3 әйел адам жұмыс істейтіні айтылады.

Ұстаз, ақын, жазушы Күлшара Дүйсенбайқызының «Көктерек» атты кітабында ауылда қолөнері қатты дамығанын, мал терісін илеп, талқылап, бояп, тұрмыстық көптеген бұйымдар жасайтын, етік тігетін, ат әбзелдерін жасайтын шеберлерді атап жазады. Көктеректе алғаш 4 бөлмелі, қызыл шатырлы мектеп ашылып, онда кімдер қызмет істегендері, 1928 жылы ірі байлардың малдарын тәркілегендерін атап жазған. Ал, «Бірлік», кейін «Ленин» колхозының бас есепшісі, «Маяк» совхозын 14 жыл басқарған Амет Заиров Көктерек ауылында мектеп, қырман болғанын, мал, егін шаруашылығы жақсы дамыға-нын, 1963 жылы 5 колхоз біріктіріліп, «Маяк» темекі совхозы құрылғанын, бертін келе Көктерек ауылында үлкен тауарлы сүт фермасы кешені салынып, 1200 бас сиырға, сауыншылар мен бақташыларға үйлер, дүкен, фельдшерлік-акушерлік пункт, шағын мәдениет үйі салынғанын айтады.

Халық сөзіне құлақ асатын жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенетін көктеректік тұрғындар тіршілік етіп, өз жандарын асырап отырған берекелі мекенге «ауыл» мәртебесін береді деген үмітте. Біз де тұрғындар талабы ескеріледі, ұсыныстары қанағаттандырылады деген ниеттеміз.

 

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Жұма, 29 Наурыз 2024 11:49

Бүлдіршін іздестірілуде

Балтабай ауылдық округіне қарасты Күш ауылында тұратын үш жасар бүлдіршін іздестірілуде. Ата-анасы Айя-Софиядан 17 наурыз күні түстен кейін көз жазып қалған. Сол күні кешке жергілікті полиция басқармасына хабар берген.

Айя-Софияның үйден шығып кеткенін ешкім байқамай қалған. Дереу балаға  іздеу жарияланып, полицейлер, құтқарушылар, еріктілер, ауыл тұрғындары, тіпті әскерилер жұмылдырылған.

Осы уақыт ішінде іздеу ай-мағы айтарлықтай кеңейді. Қазір тәртіп сақшылары мен еріктілер ауылдың барлық іргелес аумақтары мен көршілес ауылдық округтердің шаруа қожалықтарын шолуда. Тіпті, Айя-Софияны тікұшақпен, ұшқышсыз дрондармен де іздеуде. 25 ит пен 10 атты топ жұмылдырылған. Өкінішке қарай, Айя-Софияны ешкім көрмеген, әлі күнге хабар жоқ.

– Қазір бүлдіршін тұрған үйден 30 метр қашықта орна-ласқан көлдің суын ағызып, бірнеше метрге төмендетіп жатыр. Сонымен қатар, 300-ге жуық күштік құрылым өкілдері іздестіру жұмыстарын жалғастыруда – дейді Балтабай ауылдық округінің әкімі Сәуле Алипова. Әкімнің сөзінше, Айя-София табылғанша іздестіру тоқтатылмайды.

Суреттегі бүлдіршінді көр-гендер немесе қандай да бір ақпарат білетіндерді аудандық полиция басқармасына хабарласуын сұраймыз.

 

Жұма, 29 Наурыз 2024 11:45

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат Ескендірұлы Байеділовтің кандидатурасы ұсынылып, мәслихат депутаттары бірауыздан келісім берді.

Сессияға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев депутаттарды Талғат Ескендірұлы-ның өмірбаянымен таныстырып, еңбек жолына тоқталып өтті. Халық қалаулыларының келісімімен өкімге қол қойған Марат Елеусізұлы аудан активімен кездесіп, жаңа әкімді таныстырды.

Жиында Еңбекшіқазақ ауданында шешімін таппай тұрған мәселелерге тоқталған облыс басшысы Талғат Байеділовке бірқатар тапсырмалар берді.

– Еңбекшіқазақ ауданы – әлеуеті зор, берекелі мекен. Осы алып өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Десек те, ақсап тұрған салалар да жоқ емес, әсіресе, инфрақұрылымға баса назар аудару қажет. Біліміңіз бен біліктілігіңізді, мемлекеттік қыз-метте жинаған тәжірибеңізді аталған түйіткілдердің түйінін тарқатуға, ауданды гүлдендіру жолында іске асыруға үлкен мүмкіндік туды, – деп Марат Сұлтанғазиев аудан әкіміне сенім білдірді.

Сөз кезегін алған Талғат Байеділов Еңбекшіқазақ ауданын гүлдендіруге, тұрғындар-дың әл-ауқатын арттыруға күш салатынын айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақов әкімге сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Айта кетейік, Талғат Бай-еділов 1972 жылы дүниеге келген. 1998 жылы Қазақ мемле-кеттік басқару академиясын аяқтаған. Еңбек жолын 1992 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауылында «Тоғызбұлақ» колхозында бастаған. Мемлекеттік қызметті 2008 жылы Алматы облысы Райымбек ауданының Кіші-Жалаңаш селолық округі әкімі лауазымынан бастаған. Райымбек ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары болып еңбек еткен.  2018 жылдан Кеген ауданының әкімі болып қызмет атқарған. 2023 жылдың 30 наурызынан осы күнге дейін Алматы облысы мәслихатының төрағасы болған.

С.НҰРАДИН.

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Отырысқа аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аудан әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бағдат Рахимов қатысты.

Ауданға 2023 жылы 83,9 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты индекс көлемі 125,8 пайызға жеткен. Ағымдағы жылы тартылатын инвестиция көлемі 102 млрд теңге. Бұл туралы фракция отырысында аудан әкімінің орынбасары  Ертай Нұрмаханов айтты. Ертай Сұлтанәліұлының сөзіне сүйенсек, «AMANAT» партиясы 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламаның Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Жол картасындағы жос-парланған 57 көрсеткіштің 2023 жылға 35-і жоспарланып, 30-ы орындалған.

Салық түсімі бойынша да меже орындалған. Былтыр ау-данға 38,9 млрд теңге салық түсті, яғни, жоспар 99,9 пайызға орындалған. Биыл бюджетке түсетін салық түсімдерін 50,3 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, фракция отырысында орындалмау қаупі бар 5 шара туралы айтылды. Қортындылай келе фракция жетекшісі Бағдат Рахимов орындалмау қаупі бар шараларды қатаң бақылауға алу туралы ұсыныс жасады.

 

Өз тілшіміз.

 

Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстардың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.

Осы орайда Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аталып өтті. Іс-шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов, «АМАNАТ» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев, аудан әкімінің орынбасары

Ертай Нұрмаханов қатысып, аудан тұрғындарының қуанышымен бөлісті.

Салтанатты кеште сөз алған  Марат Сұлтанғазиев аудан тұрғындарын жыл басымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Әз-Наурыз – халқымыздың болмысын айшықтайтын, күн мен түн теңелетін, жарықтың қараңғыны, жылының суықты, ақтың қараны жеңер жақсы-лықтың мейрамы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел бірлігін нығайту, қоғамды ұйыстыру жолына баса назар аударуда. Соған сәйкес елімізде биылдан бастап «Нау-рызнама онкүндігі» тойланатын болды.  Әр күнге жеке атау беріліп, оның мазмұнына сай іс-шаралар ұйымдастырылады. Жыл сайын Еңбекшіқазақ ауданының әлеуеті артып келеді. Бірнеше әлеуметтік және спорт нысандары іске қосылды. Осы орайда аудан жұртшылығына Отанымыздың дамуына, облысымыздың гүлденуіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіремін – деді Марат Елеусізұлы.

Концерттік бағдарлама барысында ару қыздар мың бұрала билеп, мереке көркін асырды. Ал ақ жаулықты аналар шашу шашып, елге бақ пен бірлік тіледі. Мерекелік шарада ұста Дәркембай Шоқпаров атындағы қолөнер музейі мен «Жеті қазына» құсбегілер мұражайының көрмесі, көненің көзіндей болған жәдігерлері көздің жауын алды. Сонымен қоса өңіріміздегі этномәдени орталықтардың көрмесі де көпшіліктің назарына ұсыныл-ды. Ұлттық нақыштағы киім киген бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақан аясын әнге бөлесе, боз кілемде белдес-кен балуандар шын мықтыны анықтады.

Айерке МЕРЕКЕҚЫЗЫ.

Жұма, 29 Наурыз 2024 11:32

Спорт мектебі ашылды

Шелек ауылының тұрғындарындары Әз-Наурызды шаттыққа толы көңілмен,

зор қуанышпен қарсы алды. Жаңа жыл алдында жаңадан сайланған әкім

Айдарбек Аянбекұлы сөз сөйлеп, жақсы жаңалыққа толы жаңа жылмен барша қауымды құттықтады. Он шақты киіз үй тігілген орталық алаңда жиналған жұртшылық көктеммен келген Наурыз тойын бастап та кетті. Шелектіктер асқақтата айтылған әндер мен күйлерді тыңдап, мың бұралған билерді, түрлі ойындарды тамашалады. Наурыз көже ішіп, бір-бірімен қауышқан тұрғындар  түстен кейін «роща» саябағына қарай ағылды.

Ұлыстың ұлы күнінде заман талабына сай бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанаты өтті. Діттеген уақытында облыстан, ауданнан келген құтты қонақтарды жиналған қауым қошеметпен қарсы алды. Грек-рим күресінен әлем және халқымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, «Еңбек ері» Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген кешеннің  ашылу салтанатында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиылған көпшілікті қос қуанышпен құттықтады.

Бұл ауданда осымен үшінші балалар мен жасөспірімдер мектебі ашылып отырғанын айтып, осында жаттығып өскен спортшылардан ел намысын қорғайтын таланттар шығатынына сенім білдірді.  Одан кейін ардагер, заңгер, «Даңқ», «Барыс» орденінің иегері Сәт Тоқпақбаев сөз алып, Жақсылық Үшкем-піровтің қысқаша өмірбаяны мен жеткен жетістігін көпшілік назарына ұсынды.

Спорт кешенінің құрылысын жүргіз-ген мердігер «СП Нефть» ЖШС-нің бас инженері Әлмұхан Орақбай балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Дәурен Рамазановқа кілтті салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар, облыс әкімі Марат Елеусізұлы «Тұлпар» ЖШС жүргізушілеріне 10 жаңа автобус кілтін табыстады. Одан кейін ауыл ақсақалы Әскербек Рахимов бата беріп, жаңа ғимараттың лентасы қиылды. Шашу шашылды. Қонақтар, жұртшылық спорт сарайының ішін аралап көрді.

Кешенде бокс, күрес, жаттығу, ойын, шағын футбол залдары бар. Мұнда еркін, қазақша, грек-рим күрестері, бокс, волейбол, баскетбол, футбол, гандбол сияқты спорт түрлерінен үйірмелер жұмыс істейді. Нысанның аумағы 5 500 шаршы метрге жуық. Ғимаратта Шелек ауылының ғана емес, көрші ауылдардың жастары да жаттығатын болады. Кешенде күніне 100-ден аса бала бірнеше секцияда шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік бар.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Дүйсенбі, 18 Наурыз 2024 17:40

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн тәртібінде белең алып отырған бірқатар келелі мәселелерді шешудің оң бағыттарын айқындап берді. Мәселен, “қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін” және “ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті қажеттілікті арттыру арқылы нығайта береміз” дегенді қадап айтты. Сонымен қатар рухани дамудың қайнар көзі - кітап десек, Президенттің назарынан бұл мәселе де тысқары қалған жоқ.


Өз кезінде қара сөзден қамшы өрген сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» – деген еді. Сондай-ақ неміс жазушысы Лион Фейхтвангердің: «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді» – деген сөзінде де үлкен салмақты ой жатқанын аңғару қиын емес.
Осы орайда Президент жиында Ұлттық құрылтай мүшелерінің “Ұлттық кітап күнін” белгілеу ұсынысына да қолдау білдіріп, еліміздің бас қалалары - Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашылатынын мәлімдеді. Бұл “Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана” деп аңыз әрі абыз жазушы Әбіш Кекілбаевтың босқа айтпағанының толық дәлелі.

 

«AMANAT» партиясы аудандық филиал төрағасы Б.Рахимов.

Бейсенбі, 14 Наурыз 2024 12:06

Ұлы әнімсің, жұмағымсың – анашым

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?

Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

Иә, ақын Төлеген Айбергенов жырлағанай, теңдесі жоқ құдірет иесі – аналар бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген асыл жандар. Ұлттың ұйытқысы, отбасының берекесі болған аналарды қанша құрметтесек те артық етпейді. Осы орайда, халықаралық әйелдер күні қарсаңында Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде «Ұлы әнімсің, жұмағымсың – анашым» атты  мерекелік шара өтті.

Хор ұжымы «Ана» әнін шырқап, жиналған әйелдер қауымына гүл шоқтарын тарту етіп, естелік суретке түсті. Аудан әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов қыз-келіншектер мен ақ жаулықты аналарды мерекемен құттықтады.

– Халқымызда «Жәннат – ананың табанының астында» деген қанатты сөз бар. Өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп, тіршілікке тірек болған асыл мұрат-тарыңыз  мен қажыр-қайраттарыңыз үшін сіздерге әрдайым құрметпен қараймыз.

Қай салада болсын айналасына шуақ төгіп, тындырымды ісімен қызметін адал атқарып жүрген әйелдер баршылық. Олар қызметтің бел ортасында жүріп, мәселе шешуде салмақты ой мен жауапкершілік жүгін қоса арқалайды. Сондықтан да, еліміздің әйел қауымына қам-қорлығы мен қолдауы үнемі күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Бүгінде өңірімізде  көпбалалы аналарымыз 3811-ге жетті. Әйел-ана – біздің қоғамда әрдайым қадірлі  тұлға. Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі, көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдік пен әділдіктің иесі болып, бақытты да баянды өмір кешіңіздер. Осы ерекше қасиеттеріңіз  мәңгілік салтанат құрып, елімізге ырыс-құт дарысын. Бүгінгі  мереке  махаббаттың нәзік үнімен жалғасып, пәк сезім серпілісімен ұштаса берсін, – деп Ертай Сұлтанәлиұлы, мереке иелеріне ақ тілегін арнады.

Мерекелік концерт барысында «Серілер» тобы «Қазақ қызы», Айнұр Бақытжанқызы «Қыздарға әсемдік жарасады» және Нұртас Қайратұлы «Ләйлімсің» әндерін шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. «Улыбка» би ансамблі балалар гимнастикасын орындап, жұртшылықты тәнті етті. Еркежан Хуанышқызы мен Тамара Хуаныш «Әйел бақыты» атты әсем әнмен кешті қорытындылады.

 

Айерке МЕРЕКЕҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет